Жамбылда 5 млрд теңгенің темекі өнімі тәркіленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда 5 млрд теңгенің темекі өнімі тәркіленді

28.02.2024

Жамбылда жалпы құны 5 млрд теңгеден асатын заңсыз темекі өнімдері тәркіленген. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері бұл рекордтық көрсеткіш деп отыр. Саудагерлер акцизделетін өнімдерді көлеңкелі жолмен қырғыз елінен тасымалдаған.

Кәсіпкерлер қыруар қаржының 4,7 млрд теңгесіне темекі сатып алса, 350 млн теңгесін вейптерге жұмсаған. Осылайша 6,5 млн қорап темекі мен 174 мың дана электронды өнім айналымнан алынған. Сондай-ақ, құны 20 млн теңге болатын 8 мың литр спирттің жолы кесілген. Аймақта астыртын жолмен әкелінген алкоголь өнімдерін тұтыну салдарынан соңғы үш жылда 150-ден астам адам уланған.

Жағыпар Исатаев, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі:

Тәркіленген тауарлардың 70%-дан астамы темір жол арқылы тасымалданған. Екінші орында транзиттік жүк көліктері тұр. Олар Қордай, Меркі және Жамбыл ауданындағы шекаралық өткізу бекеттері арқылы алып өтеді. Әсіресе заңсыз тауар тасымалы «Қарасу», «Сыпатай батыр» және «Айша бибі» кеден бекеттерінде жиі анықталады.


Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу