Ресейдің Челябі облысынан Астанаға тікелей әуе рейсі ашылмақ. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев айтты. Қазақстан мен Челябі облысының арасында сауда айналымын арттыру, көлік-транзиттік әлеуетті пайдалану және өзге де мәселелер назардан тыс қалмады. Меншікті тілшіміздің бейнематериалында.
Қазақстанның сегіз мыңнан астам азаматы Челябі облысының аумағында тұрақты тұрады, оқиды немесе уақытша жұмыс істейді. Сондықтан достық байланыстарды дамыту маңызды. Өңірмен алыс-беріс те үзілген емес. Челябі облысы- Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Өңірге жасалатын импорт пен экспортта еліміздің үлесі 25%. Өткен жылдың 11 айында сауда көлемі 1,5 млрд долларға жеткен. Дегенмен, әлеует жоғары, сондықтан әріптестікті жандандыру қажет.
Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
Екіжақты қатынас дұрыс жолға қойылған, кәсіпкерліктің де әлеуеті зор. Сондықтан бұл бағытта бірлесе жұмыс істеу маңызды. Өңіраралық байланыстар аясында, инвестициялық салада және өнеркәсіптік кооперацияда неғұрлым маңызды бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дәйекті түрде дамыту керек.
Алексей Текслер, Челябі облысының губернаторы:
Челябі облысы Қазақстанмен тауар айналымы бойынша жетекші орын алатыны бізді қуантады. Ортақ жобалар,бұрыннан келе жатқан кооперациялық байланыстар бар. Агроөнеркәсіп кешенінде де оң динамика бар.
Осыдан бірнеше ай бұрын Өскемен арматуралық зауыты мен челябілік компания ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Ресейлік кәсіпорын мұнай-газ секторы, кеме жасау ісі, энергетика, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс саласындағы жобаларға өнім өндіреді. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев бастаған делегация аймақтағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Басты мақсат-бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру, инвестиция игілігін көріп, елімізге жаңа технология алып келу.
Индира Бегайдар, тілші:
Дәл осындай тракторлар алдағы уақытта Қостанай облысында шығарылмақ. Қазір келіссөздер жүргізілуде. Бірлескен кәсіпорындардың санын арттыру арқылы мыңдаған жұмыс орны ашылмақ. Ал бұл кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1.500.
Ілияс Чабдаров, зауыт өкілі:
Қазіргі таңда біз Қазақстанмен әріптестікті арттырудамыз. Бірлесіп техника шығару қолымыздан келеді. Бұл көптеген салада жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қостанай облысындағы кәсіпорын заманауи талапқа сай техника шығарады.
Қазақстан арқылы Челябі облысынан Үндістан мен Сауд Арабиясына контейнерлік тасымалдар іске қосылды. Сонымен қатар, Челябі облысымен шекарада өткізу пункті қайта құрылмақ. Оны 2025 жылға дейін аяқтау жоспарлануда. Жалпы өңірмен өнеркәсіптік кооперацияда әлеуеті зор жобалар экономиканың тамырына қан жүгіртері анық.
Индира Бегайдар