ШҚО-да аурухана құрылысына қаржы тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да аурухана құрылысына қаржы тапшы

27.02.2024

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында 2022 жылы басталған аурухана құрылысы тоқтап қалды. Көпсалалы медициналық мекемені салуға республикалық бюджеттен 35 миллиард теңгеге бөлу туралы шешім қабылданады. Сол тұста мердігер мекеме бірнеше ғимараттан тұратын ескі аурухананы сүріп, орнына құрылыс бастайды. Алайда алғашқы траншқа нысанның жартысы ғана салынады. Ал дәрігерлер қазір жарты ғимаратта науқастарға дұрыс медициналық көмек көрсте алмай отыр.

Салынғанына 60 жыл болған аурухана тек жамап-жасқағанның арқасында тұр. Сырты мүжілген. Жарық пен жылу жүйесі бұзылған. Қазір хирургия, травмотология, реанимация мен гинекология және перзентхана бөлімдері бір ғимаратта қыстырлып отыр.

Марат Баянбаев, Риддер қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:

Кейде бірнеше операция болып қалады. Ол кездерде келесі операция біткенше тосып қаламыз. Кейде көп аурулар болғанда дәлізде де жатып қалады.

Дәлізде жатқызбас үшін дәрігерлер науқастардың көбін Өскеменге жібереді. Тек шұғыл оперция жасатқандар ғана ауруханада қалады. Ал медбике мен көмекші санитарлар қыс ішінде науқастарға тамақты басқа ғимарттан тасып жүр.

Гүлия Уәйісова, медбике:

Қысы, жазы осылай тасимыз. Шелекпенен тамақты да. Қоқысты шығарғанда да солай. Түсеміз. Киінеміз. Шығамыз етік бәрін киіп. Қайтадан келеміз. Шешінеміз. Қайта көтерілеміз.

500 орындық негізгі аурухана былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді. Екі жыл бұрын бастаған құрылыстың бүгінге дейін 80 пайызы салынды. Енді ішін әрлеу мен сыртын өңдеу жұмыстары қалды. Ауруханаға қосымша тағы бірнеше ғимрат бой көтеруі тиіс.

Жәнібек Жамантықов, учаске басшысы:

Қасында стационар бастап қойдық.Жер қазандығы былтыр дайын болды. Стационар 200 орынға болады. 2023 жылы емхана. 2024 жылы стационар біту керек. Қолды байлап тұрған тек қана қаражат.

Аурухана құрылысын тоқтапас үшін тендер алған компания өз қаржатын жұмсаған. Ал облыстағы осы салаға жауапты басқармадағы мамандар республикалық бюджетке биыл тағы өтінім жолдаған.

Қарлығаш Айтқазынова, облыстық құрылыс басқармасының бас маманы:

Ағымдағы жылы нысан құрылысына республикалық бюджеттен 2 млрд теңге қаражат көзделген. Сонымен қатар осы жылдың басында Қазақстан Республикасының денсаулық министрлігіне 18 млрд теңге соммадағы бюджеттік өтінім берілген. Қазіргі уақытта осы бюджеттік өтінім қаралу сатысында.

Басқарма мен министрліктегі мамандар бір-біріне хат алмасып жүргендеріне екі жыл асса да, әлі нақты нәтиже жоқ. Сондықтан Риддердегі дәрігерлердің енді үмітінен күдігі басым. Ал аурухана құрылысының тоқтап тұрғанына бір жылдан асты.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу