Қостанай облысындағы Әйет ауылының тұрғыны Гүлнұр Ералиева ұлттық бұйымдар тігуді қосымша табыс көзіне айналдырған. Кітапханашы болып еңбек ететін ол, бос уақытында тігін машинасына отырады. Төсек жабдықтарын, түрлі киімдер тігеді.
Гүлнұр Ералиева іс тігуге бала кезінен бейім. Бос уақытында қажетті бұйымды өзі дайындап алуды жасынан әдетке айналдырған. 2020-шы жылы әлемге ковид індеті тарап, карантин басталғанда тігіншілікке кәсіби түрде кірісті. Арнайы курсын да оқып алды. Бүгінде тапсырыс бүкіл ел аумағынан түседі. Әсіресе қыз жасауына сұраныс көп. Ауыл арасында қонақ келгенде төрге төселетін көрпе мен шынтаққа басар жастық тіктіретіндер аз емес.
Айнұр Ахметова, ауыл тұрғыны:
Гүлнұр ханымға көрпе жастыққа тапсырыс бердім. О кісі жұмысына тиянақты. Тіккен дүниелерінің бағасы қолжетімді, сапасы жақсы.
Гүлнұр Ералиева аудан, облыс аумағындағы қолөнершілер көрмесіне тұрақты қатысады. Тіпті Астана қаласынан да арнайы шақыру алып, республикалық тігіншілер фестиваліне де барып қайтты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген майталман шеберлермен бірге Қазақстан рекордын жаңартуға үлес қосты.
Гүлнұр Ералиева, тігінші:
Біз ұзындығы 15 метр үлкен ту тіктік. Киннес рекордтар кітабына кірдік.
Тігінші келешекте мемлекеттік грант алып шағын тігін цехын ашсам дейді. Сөйтіп кәсібінің аясын кеңейтіп, қолы епсек қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуды көздейді.
Дәуренбек Әбдібек