Түркияның Елазығ облысындағы Палу ауданында хром өндіретін кеніште топырақ опырылып, 4 жұмысшы үйінді астында қалды. Көп ұзамай бір кенші өз күшімен топырақ астынан аман-есен шыққан. Апаттан кейін оқиға орнына келген құтқарушылар жаралы екі адамды құтқарып, оларға алғашқы көмек көрсетілген соң ауруханаға жеткізілді. Бірнеше сағатқа созылған құтқару операциясынан соң төртінші кенші де аман-есен шығарылды. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, апатқа кеніш ішіндегі тіреулердің құлап кетуі себеп болған. Қазір оқыс оқиғаға қатыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Өмер Тораман, Елазығ облысының губернаторы:
Құтқару жұмыстарының бірінші кезеңінде кеншілердің қай жерде екендігі анықталып, сол тұста тазалау жұмыстары жүргізілді. Бірнеше сағатқа созылған құтқару операциясы сәтті өтіп, 4 адам да аман есен шығарылды. Бір кенші медициналық көмектен бас тартты, қалған жұмысшылар қалалық ауруханада емделіп жатыр.
Бұған дейінгі хабарларымызда айтқанымыздай, екі апта бұрын Түркияның Ерзинжан аймағындағы алтын кенішінде болған топырақ көшкінінен 9 адам үйінді астында қалған болатын. Оларды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанымен, еш нәтижесіз. Мамандар аймақта топырақ көшкіні қайталануы мүмкін болғандықтан іздеу жұмыстарын жиі-жиі тоқтатуға мәжбүр.
Айдос Әшімұлы