Теміртауда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып кетті

26.02.2024

Қарағанды өңірінде жедел жәрдем жүргізушісіне тағы да шабуыл жасалды. Теміртау қаласында болған жайтты куәгерлер ұялы телефонына түсіріп алған.

Оқиға 26-шы ақпан, түнгі сағат 1-дің шамасында болған. Металлургтер шаһарындағы көпқабатты үйлердің ауласында мас күйдегі белгісіз біреулер шақыртуға келген жедел жәрдем жүргізушісіне дене жарақаттарын келтірген. Сондай-ақ, бейнежазбада көліктің ішін қопарып тастағаны жөнінде айтылған. Соққы алған 45 жастағы жүргізушіге ауруханада медициналық жәрдем көрсетілген. Өміріне қауіп жоқ. Полиция бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғады.

Бақытжан Құдияров, Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Полиция қызметкерлері ізін суытпай осы іске қатысы бар 25 және 29 жастағы күдіктілерді ұстады.. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша «бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұл осымен қаңтар айынан бергі екінші жағдай. Еске салайық, 27 қаңтарда Қарағанды тұрғыны жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан еді. Қаладан бой тасалаған күдікті 1 ақпанда 200 шақырым қашықтағы қыстақтан ұсталды.


Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу