«Атамұра» баспасы «Ана тіліндегі» тапсырмаларға қатысты сынға жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Атамұра» баспасы «Ана тіліндегі» тапсырмаларға қатысты сынға жауап берді

25.02.2024

Өткен аптада біз оқулықтар сапасы туралы сюжет берген едік. Қызу талқыланды. Бізге сұхбат берген мұғалім Әліппе мен 1-сыныптың Ана тілін сынаған. Осыған байланысты кітаптарды әзірлеген «Атамұра» баспасына сұрақтар жібергенбіз.

Баспа өкілдері айтқандарындай осы аптада жауап берді. Мысалы, «Ана тіліндегі» мәтін бөліктерін орнына қой деген тапсырма неге берілгенін былай түсіндірді:

1,5 ғасыр бойы оқытылып келе жатқан Ы.Алтынсариннің бұл әңгімесі балалардың түсінуіне де, қабылдауына да жеңіл. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен жаңартылған оқу бағдарламасының мақсатында былай деп жазылған: «1.2.3.1 ауыстырылып берілген мәтін бөліктерін мұғалімнің қолдауымен орнына қоя білу». Әңгімені оқып, түсінген оқушыға мәтіннің соңғы бөлігінің орны ауысып тұрғаны бірден аңғарылады. Әрі мұндай жұмыстар мұғалімнің көмегімен жүргізіледі.

Ал, Әліппеге қатысты сынға кітаптың авторы уәжін айтып, сұхбат берді. Біздің материалда сөйлеген ұстаз Әліппені оқытудың әдістемесін білмегесін сондай пікір айтып отыр дейді.

Айта кетейік, бұл Әліппе 3 жылдан бері оқытылып келеді. «Білім мазмұнын сараптау орталығы» мәліметінше, кітап 5 кезеңдік сараптамадан өткен. 379 мұғалімнен құралған комиссия қараған көрінеді.

Екі жақты пікірлерді оқып, оқулық мәселесі қаншалықты өзекті екенін тағы көріп отырмыз. Демек бұл мәселені талқылаудан шаршамау керек. Алайда әлеуметтік желілердегі пікірсайыстан гөрі, бірыңғайға келтіретіндей талқы.

Онсыз да күн тәртібінен түспейтін мәселелер бар. Ал оқулықтарға қатысты олқылықтар соза беретіндей істелуі өте қиын фундаментальді проблема емес ғой.


Хабарламаларға жазылу