Міндетті медициналық сақтандыру қорына былтыр 20 мыңнан астам шағым түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Міндетті медициналық сақтандыру қорына былтыр 20 мыңнан астам шағым түскен

25.02.2024
Денсаулық сақтау министрлігі енгізген өзгерістерге сай, ауруханаға жатуға тапсыратын анализдер қысқарып, жарамды мерзімі 10 күннен 14 күнге ұзартылған. Осы аптада министрліктің алқа мәжілісі өткен, «дұрыс екен» дейтін жаңалықтар бар.

Барлық кезде терапевтің (бейнелеп айтқанда) «батасын» алмай-ақ, бірден профильді дәрігердің қабылдауына жазылу деген сияқты. Дегенмен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі проблемалар қордаланған.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл денсаулық сақтау саласына 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды, медициналық көмек алу жеңілдеді деп айта алмаймын», – деген Президент, өткенде министрлер кабинеті жасақталған кезде. Үкіметке медициналық сақтандыру үшін «қарапайым әрі түсінікті» әдіс жасақтауды тапсырды.

Себебі рас, Мәжіліс депутаты Асқат Аймағамбетов Telegram-арнасында жазғандай: «Азаматтар медициналық көмек алуға тырысқан кезде құдды квестен өткендей... Ал МӘМС бюджеті рекордтық деңгейге жетіп отыр. Сөйте тұра медициналық ұйымдар несиеге белшеден батқан. Ал азаматтар медициналық қызметті өз қалтасынан төлеуге мәжбүр».
Қарапайым адамдар депутат сияқты «квест» деп сыпайы сипаттамайды. «Тозақтан өткендей боласың» деп, қалай бар, солай айтады.

«Не үшін жарна төлеп жатырмыз, айналып келіп бәрібір ақылы қызметке жүгінеміз». Елдос Есенбол сараптап көрді.

Бикеш Шакенова, Астана қаласының тұрғыны:
Есігінен кіріп барған кезде олардың сізді қалай қарсы алғаны, адамдардың отырғаны. Үнемі айғай-шу, кезек, бір-бірімен ұрысып жатқан...Сондықтан жеке клиникаға барған тиімді. Жүйкең де орнында . Қызметті көрсетеді төлеген ақшаңа.
Бикеш Шакенованың МӘМС аясында қызмет көрсететін емханалардан әбден көңілі қалған.

Бикеш Шакенова, Астана қаласының тұрғыны:
Сіз егер шағымдансаңыз, шағымданған кезде сізге жақсы қарайды. Жақсы қарап сол керекті сіздің анализдеріңізді де, узилеріңізді жазып береді. Ол үшін міндетті түрде шу көтеру керек. Әрбір жағдайда әрбір жағдай сайын қорға хабарласуың керек, қорқытып немесе олармен ұрысып жүйкеңді тоздырып алу керек.
Былтыр міндетті медициналық сақтандыру қорына 20 мыңнан астам шағым түскен. Көбіне азаматтардың дәрігерлік көмек сапасына көңілі толмайды.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Мына хирургия саласына қарасаңыз, соқырішектің өзі аппендицит дейміз ғой соның өзі асқынған түрінде түсіп жатыр бізге. Өт қабынуы холецистит дейміз ғой, ол да асқынған түрі. , Язва дейміз ғой, асқазандағы жара сол жарылып кетіп түсіп жатыр бізге. Біз сұраймыз ғой неге поликлиникаға бармадың? Неге дәрігеріңе емделмедің деп. Барып едім, келесі аптада келесің. Запись бітіп қалды деп. Ақыр аяғында көрмейсіз бе?

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ауруханаларға беріп қояды мысалы осы айдың ішінде сендерге біз ақша бердік. Сол ақша 5 КТ жасау керек. 5 МРТ жасау керек тағы да мысалы басқа зерттеулерді жасай аласыңдар деп. 5 МРТ емес 10 адам, 15 адам келсе не істейді сонда? Шкаладан аса алмайды ол квоата секілді беріліп қойған. Сондық алтыншы, жетінші, он бесінші адамды екінші айға, үшінші айға жазады.

Қасым Серік, жеке емхананың бас дәрігері:
Белгілі бір сомадан асқаннан кейін олар төленбейді. Яғни не деген сөз? Клиника сол суммадан аспас үшін эконом дейді ғой, эконом жасаймыз. Халықтың денсаулығынан эконом жасаймыз.
МӘМС-тің жұмыс істеп бастағанына биыл бесінші жыл. Бес жылда 6 төраға ауысуының өзі осы жүйенің жүйесіздігінің көрінісі болып тұрғандай ма?!

Жақсылық Досқалиев, Медицина ғылымдарының докторы, профессор:
Бес жылдың ішінде 2 жылын мысалы артқа қоюға болады. Өйткені ол кезде МӘМС-пен айналысу мүмкін болмады. Өйткені мынау коронавирусный инфекция деген қаншама адам қырылып қалды. Бүкіл күш-жігер бәрі сол коронавирусқа қарсы қызмет атқарды. Медицина саласы болсын, басқа болсын.
Енді МӘМС қорының машақаты Әбілқайыр Сқақовқа жүктелді. Павлодар облысының экс-әкімі халықты жауыр қылған медицина мәселесін тезірек шешуге тырысатын сияқты. «Тегін көмек алу жолында өзім де сергелдеңге түстім», - дейді.

Әбілқайыр Сқақов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:
Өткенде ақпан айында профилактикалық тұрғыдан емханаға бардым. Сонда терапевтке келдім. Негізі көзімді тексерейін деп жоспарлағам. Бірақ офтольмологқа жете алмадым. Маған жолдама беріп мен ана жеке дамумед арқылы тіркелдім. Сондықтан келесі аптада жететін шығармын соған.
Бүкіл емханаға бір принциппен қарауға болмайды деп есептейді, Қасым Серік. Әрине, барлық жағдайды болжау мүмкін емес. Дегенмен тіркелген адамдардың медкартасын сараптаса да көп мәселені шешуге болады.

Қасым Серік, жеке емхананың бас дәрігері:
Яғни бүкіл халық 12 ай бойы бірдей аурумен ауруы керек деген сияқты принциптерге соғады да. Ол мүмкін емес. Бір клиникада кәрілер көп. Ол клиника көп ауырады. Соның барлығы есепке алынуы керек. Айыппұлдың саны көп пе? Демек кім кінәлі? Фондтың өзі кінәлі.
Дәрігер сөзінің де жаны бар. Қазақстандағы медициналық ұйымдардың кредиторлық қарызы 83 миллиард теңгеге жеткен. Сонда жұмыс берушілер мен мемлекет төлеген МӘМС қорының миллиардтары қайда кетіп жатыр?

Елжан Біртанов, Qazmed медицина қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіптік одағы төрағасының кеңесшісі;
Тариф деген ол емделген науқастың төленетін ақша ғой. Аппендицит десек мысалы 200 мың теңге. Қай аурухананы науқас таңдайды. Сол ауруханаға бекітілген тариф бойынша медициналық қор төлеп отырады. Бірақ соңғы жылдарды екі жылдың ішінде тарифтер өзгерген жоқ. Емдейді. Бірақ соңғы жылдың аяғында басқа нелерге қарыз болып шығады. Мысалы СК Фармацияға дәрілерді пайдаланады. Бірақ төлеуге ақша жетпей қалады.
Тарифті көтеріп медмекемелердің мәселесін шешті делік. Ал ең бастысы азаматтарға МӘМС аясында тегін қызметті қалай қол жетімді қылмақ керек?

Бикеш Шакенова, Астана қаласының тұрғыны:
Менің ай сайынғы төлеп жатқан ақшам ол жинақталуы керек.Яғни егер маған қазір шұғыл түрде УЗИ керек пе? Сол ақшаны пайдаланып жеке өзім барып сол ақшаға УЗИ алуым керек. Мен олай бір айлап, бір жарым айлап, екі айлап күтпеуім керек.
Әбілқайыр Сқақов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы:
Бүгін мұқтаж адамға жиналған төлемдер бағыттылады. Ертең кез-келген уақытта саған қажет болса, олар саған көмектеседі. Ең жоғарғы төлем 17 мың айына. Ертең кез келген уақытта маңызды, қиын операция жасайтын болсақ, 2-3 миллион теңге. Адам оны жинай ала ма? Жинақтауға мүмкіндік бар ма? Жоқ.Сондықтан әлеуметтік МӘМС жүйесі деген басты құндылықтары осындай.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біз айтамыз ол үшін бір нақты әдістеме болуы керек. Нақты норматив болуы керек. Бір азамат орташа алғанда қанша қызметтерді тұтыну керек деген. Бүгінгі әдістемелік тұрғыда нақты нормативтер бекітілмеген.
Қалай дегенмен «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» амал тауып, МӘМС мәселесін шешу керек. Күні кеше тағайындалған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың да алдымен айналысар жұмысы осы болмақ.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті бюджет есебінен әл-ауқаты төмен азаматтар медициналық сақтандырылады. Бірінші жартыжылдық ішінде бөлінген қаражатты басым бағыттарға қайта қарастыра отырып, емдеу-диагностикалық процестерді оңтайландыру жүргізіледі. Мемлекеттік медициналық ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөнінде жұмыстар атқарылады.
Елдос Есенбол, тілші:
Сондай-ақ былтыр медициналық мекемелерді кредиторлық қарызға жеткізген басшыларды тәртіптік жазаға тартуды тапсырамын деді министр. Ал ең бастысы кепілдендірілген көмек пен МӘМС-ті біріктіре отырып, тегін медициналық көмектің бірыңғай пакеті әзірленбек. Дедлайн 1 сәуірге дейін. 1 айдан асар-аспас уақытта МӘМС мәселесі түпкілікті шешіліп кетеді дегенге ешкім сене қоймас. Алайда бұл жүйенің қазіргі машақатына қарасақ: «Сең қозғалса, соның өзі жеңіс» дейтіндей халде тұрғандай.
Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу