Бастауыш сынып оқушылары еден жуушыға тосынсый жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бастауыш сынып оқушылары еден жуушыға тосынсый жасады

24.02.2024

Бірер күнде бірнеше миллион қаралым. TikTok желісінде әсерлі бейнежазба жарияланды. Бейнежазбада бастауыш сынып оқушылары еден жуушыға тосынсый жасайды. Табиғатынан аңғал ананы «сыныпқа су төгілді» деп алдап шақырып, мерейтойымен құттықтайды. Ал бейнежазбаны әлеуметтік желіге сынып жетекшісі Гүлжан Хасанқызы жүктепті. Өзбекстанның тумасы Ләйләгүл Далабайқызы үш жылдан бері 24 мектеп лицейінде тазалыққа жауапты. 30 жылдан астам уақыт еден жуып нәпақысын тауып келе жатқан ана, ұл-қызымды адал еңбегіммен өсірдім,- дейді. Тазалыққа жаны құмар кейіпкеріміз, бөлме гүлдерін өсіргенді де жақсы көреді екен. Мектептің ішіне сән беріп тұрған гүлдердің барлығын осы Ләйләгүл Далабайқызы баптаған.

Ләйләгүл Далабайқызы, еден жуушы:

Әрбір сыныпқа кіргенде еден жумас бұрын бірінші гүлдерді суарып шығамын, ауырып тұрса реттеймін, су жоқ болса су құямын, сосын бары тазалықты бастаймын. Мен TikTok-қа шығып кеттім деп өзім қайран қалдым. Мен үшін күтпеген жағдай болды»

Алпысқа келсе де, күні бойы тынбай еңбек ететін Ләйләгүл ана мектептің үшінші қабатының тазалығына жауапты. Оқушылардың кейде шамадан тыс шуына, бұзықтығына қабақ шытпайтын ол, ұжымның әр жеткен жетістігіне тілеулес болып отырады,-дейді.

Гүлжан Хасанқызы, бастауыш сынып мұғалімі:

Қазан айында біздің мектеп тест тапсырған. Сол тетс тапсырған уақытта біз сенбі күні мектепке келіп дайындалатынбыз. Сол кезде апай сыныпқа еден жууға келеді де, апай бізге бата береді. Біздің сынып 92 пайызбен тест тапсырады.

Мирас Молдахан, оқушы:

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткіміз келеді. Ләйлә апай өте жақсы адам. Біз күнде амандасамыз. Мектептің тазалығын сақтап жүреді.

Әдия Әбдісаева, оқушы:

Сол күні мен Ләйла апайды қатты қуантқым келді. Менің анам бәліш пісіреді. Мен анамның пісіріп бергенін сыйладым.

Оқушылардың туған күн иесіне жасаған тосын сыйы әлеуметтік желіде бір аптада ішінде 1 миллионнан астам қаралым жинап, жылы лебіз білдіріп 4 500 адам пікір қалдырған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу