Абай облысындағы Шуақ ауылының қазандығы істен шығып, бүкіл ауыл халқы бірнеше күннен бері жылусыз қалған. 4 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген жаңа жылу нысаны аязды күндері сыр берген. Қазір елді мекен тұрғындарының дені үйлерін тастап, жақын ауылдарға, қалаға туыстарын паналап кеткен. Ал мамандар қатып қалған құбырларды жылытып, қосалқы қазандықты іске қосса да, жағдай әлі толық реттелмей тұр.
Ержан Жақып, тілші:
Қазір пәтерлердің ішіндегі температура даламен бірдей болып тұр. Тұрғындар жылытқыш қосқанмен ешқандай пайда жоқ. Үйлердің денінде жылу желілері жарылып жатыр.
Тұрғындар жылу беріліп қалар деп бірнеше күн күткен. Бірақ аяз күшейген сайын азынаған үйде тұру мүмкін емес. Шуақ ауылында 600-ден астам адам бар. Одан бөлек, балабақша мен мектеп жұмыс істейді. Жылудан ажыраған білім ошақтары қазір қаңырап бос қалған. Әкімшілік өкілдері халыққа жағдай реттеледі дегенмен, айтқандарындай болмай тұр, - дейді тұрғындар.
Венера Мусина, Шуақ ауылының тұрғыны:
Сабыр сақтаңыздар деп бәрімізді сабырлыққа шақырады. Қашанғы үндемей отырамыз. Үйімде кішкентай мүгедек бала бар. Ауырып жатыр міне. Сіздер интервью берсеңіздер жауып тастайды дейді. Оған уже мүмкін емес сабыр сақтауға. Қанша аяздарда үндемей отырдық. Көбі семьяларын апарып-апарып тастаған. Қалаға, кім қайда. Жан-жаққа апарып жатыр.
Қазір үйлердің жертөлелеріндегі құбырларды күні-түні қыздырып, жылытып әлек. Суыққа шыдамай, пәтерін жауып кеткен тұрғындардың үйлерінде құбырлар жарылып, қатып қалған.
Арай Қасенова, Шуақ ауылының тұрғыны:
Далада 40 градус аяз болып тұр. Үйде ешқандай жылу жоқ. Бір комнатада үш жылытқыш қосып отырмыз. Оның өзі уже көтермейді. Енді свет өшетін болса, тіпті быт-шыт болып қатамыз.
Бірнеше күнен бері 50-ден астам адам, қазандықты қалыпқа келтіреміз деп жанталасып жатыр. Жылу нысанында негізгі қолданыстағы қазандық бұзылған соң, қосалқысын іске қосқан. Бірақ ол елді мекендегі негізгі жылу жүйесін қатырмай тұруға ғана қауқарлы сияқты.
Мерхат Қожабеков, «Жарма су» МКМ директоры:
Бір жұма бұрін басталды. Күн аяздар басталған кезде. Үш күн ішінде сегіз рет тоқтап қазандық, сегізі рет қалпына келтіріп қостық.
Димитрий Гариков, Абай облысы әкімінің орынбасары:
Бір тәуліктің өзінде қазандық үш рет тоқтап, қайта қосылды. Қазір ауылға баратын желіде су айналып тұр. Қазандықты толық іске қосу үшін бар күшті салып жатырмыз.
Шуақ ауылында тұрғын үйлер мен білім мекемелерінен бөлек, әйелдер колониясы бар. Түзеу мекемесінде де қазір жылу жоқ. Жағдай қашан толық реттелетіні беймәлім. Қазандық қалпына келгенмен, көптеген пәтердің ішкі жүйелерін мұз кеулеп, жарылып жарамыз күйде қалған.
Ержан Жақып