Еуропа жатыр мойнының обырына қарсы екпені күшейтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа жатыр мойнының обырына қарсы екпені күшейтті

23.02.2024

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһан жұртын жатыр мойнының обырымен күресті күшейтуге шақырады. Онкологиялық кеселден жыл сайын әлемде 300 мың әйел көз жұмады. Қатерлі ісікті адам папилломасы вирусының 18-ші түрін туғызатыны дәлелденген. 

Еуропа ғалымдары папиллома вирусына қарсы екпе жатыр мойны обырын 90 пайызға азайтатынын мәлімдеді. Қарт құрлық елдеріндегі обырға қарсы екпе науқаны жайлы Нұрсұлу Қасымның репортажында.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Еуропада жатыр мойнының обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Жылына онкологиялық аурумен 66 мыңға жуық әйел ауырып, індеттен 30 мыңы көз жұмады. Соңғы жылдары өлім-жітім бұрынғыға қарағанда біршама азайған. Себебі қарт құрлық елдері скринингті, обырға қарсы екпені күшейтті.
Қарт құрлықтағы 53 мемлекеттің 40-ы папиллома вирусына қарсы екпені ұлттық бағдарламаға енгізді. Соған сәйкес, екі дозадан тұратын вакцина ата-анасының рұқсатымен 9 бен 14 жас аралығындағы ұл-қыздарға тегін салынады.

Мэриэм Бонэ, 5-сынып оқушысы:

Бұл – жыныстық қатынас арқылы тарайтын ауру. Обыр болған жағдайда өліп кетуіміз мүмкін. Анам осылай түсіндіргеннен кейін өзімнің денсаулығым үшін екпе салдырттым.
Обырға қарсы екпені 2007 жылы алғашқылардың бірі болып бастаған Швеция алдағы 5 жылда жатыр мойнының обырын түбірімен жоюдан үмітті. Елде 14 жасқа дейінгі қыздарың 80 пайызы вакцина алған. Норвегия, Дания мен Бельгия да екпе салу қарқыны бойынша өзгелерден озып тұр.

Натали Бруте, онколог:

Екпенің тиімділігінің арқасында бізде жатыр мойнының зақымдануы, жатыр сүйелі 70 пайызға азайды. Вакцинаны ер балалардың да алғаны дұрыс. Себебі папиллома вирусы тік ішек немесе жыныс мүшесі обырын тудыруы мүмкін.
Еуропа елдері 2030 жылға дейін 15 жасқа дейінгі қыздардың 90 пайызына екпе салып, 35 тен асқан қыз-келіншектерге скринингтің қолжетімді болуын қамтамасыз етпек. Жол картасын жүзеге асыру арқылы Еуропаны жатыр мойны обырынан азат құрлыққа айналдырмақ.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу