Балабақшадағы бұзақылық: Қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балабақшадағы бұзақылық: Қылмыстық іс қозғалды

23.02.2024

Алматыдағы №51 балабақшада бүлдіршін соққыға жығылып, ауруханаға түсті. Оны топ ішіндегі өзге балалар жабылып ұрып, тепкен. Зардап шеккен баланың ата-анасы ұрып-соғу шамамен 5 минутқа созылған дейді. Тәрбиеші мен оның көмекшісі сол сәтте қайда болған? Баланың қазіргі жағдайы қалай? Әйгерім Ердәулет айтсын.

Бұл 21 ақпан күні балабақшада түскі уақытта 3-4 жастағы балалардың қараусыз қалғандағы әрекеті. Орындықта отырған бүлдіршінді топтағы бір бала жерге осылай құлатып, артынша ұрып, кейіннен тоқтамай тебеді. Оның бұл әрекетін көрген өзге балалар да жерде жатқан баланы қоса аямай ұра бастайды. Байқасаңыз, топтағы басқа тәрбиеленушілер де сол сәтте бір-бірін төмпештеп жүр. Ал еденде жатқан баланы 20 жылдан бері тәрбиеші боп жүрген маман көріп тұрып, тоқтамай өтіп кетеді. Оқиғаға қатысты камераға сұхбат бергісі келмеген баланың анасы былай дейді.

Марина, ата-ана:

Баламның басында түйдек-түйдек боп қан ұйып қалған. Тәрбиеші түсте хабарласып үстелге соғып алды деді. Кешке келіп көргенімде шошып, бірден дәрігерге апардым. Ертесіне бейнебақылау камерасындағы жазбаны көруге бардым. Бұл енді сұмдық. Қазір балам ауруханада жатыр. Миы шайқалған, денесі мен басында көп жарақат бар. Қазір тек баламның құлан-таза айығуы мен жүйкесінің орнына келуіне алаңдаймын.

Бүгін бұл топтағы 25 баланың тең жартысы балабақшаға келмеді. Өйткені ата-ана баламыз қараусыз қалып, одан көз жазып қаламыз ба деп қорқады. Ал тәуекел деп әкелгендердің талабы бар.

Қазір бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Балабақша меңгерушісі де, тәрбиеші де уақытша жұмыстан шеттетіліпті.

Әлия Сағиева, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

Тәрбиеші баланы жалғыз қалдырмауы керек еді. Меңгеруші өз тарапынан тәрбиеші топта жоқ болса, орнына басқа адамды қоюы керек. Қазір Полиция департаменті іс қозғап отыр, іс біткен кезде бүкіл шараларды қолданамыз.

240 бала тәрбиеленіп жатқан бұл №51 балабақшада 12 тәрбиеші бар. Соның ішінде тек 1-2 ғана тәрбиешінің көмекшісі бар екен. Ал қараусыз қалған топқа бірден жаңа тәрбиеші мен оның көмекшісі қабылданыпты.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу