Түркияның «Қаған» ұшағы көкке көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияның «Қаған» ұшағы көкке көтерілді

23.02.2024

Түркияның «Каан», яғни қазақшаласақ «Қаған» атты отандық жойғыш ұшағы алғаш рет көкке көтерілді. Анкарадағы әскери әуежайдан ұшып шығып, екі мың метр биіктікке көтерілген бомбалаушы ұшақ 13 минуттан соң жерге аман-есен қонып, сынақтан сәтті өтті. Осылайша Түркия дыбыстан та жылдам бесінші буын заманауи жойғыш ұшақ өндіретін әлемдегі бес елдің қатарына кірді. Ұшақтың барлық бөлшектері Түркияда жасалған. 2023 жылы толық құрастырылып біткен ұшақ бұған дейін жер бетінде бірқатар сынақтардан өткізілген. Бұл ұшақ радарға ілінбейді және нысанаға соққы берерде жасанды зейін арқылы әрекет ете алады. Мамандар ұшақ Түркияның қорғаныс саласына 2027 жылы қолдануға беріледі деп жоспарлап отыр.

Халук Гөргун, Түркия Президенті жанындағы қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы:

 Бүгін бәріміз үшін ерекше күн. Халық үшін тоқтаусыз қызмет ете береміз. Алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Осы саланы жандандыру үшін қажыр-қайратымызды аямай жұмыс істейміз. Осы ұшақты жасауға еңбегі сіңген барлық азаматтарға жеке-жеке алғысымды білдіремін. Елімізде сіздер сияқты кәсіби мамандардың болуы біз үшін үлкен бақыт.

Айдос Әшім


Хабарламаларға жазылу