Ұлытаудағы құлдықта болған балалар арнайы орталыққа орналастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытаудағы құлдықта болған балалар арнайы орталыққа орналастырылды

22.02.2024

Ұлытауда 5 жыл бойы құлдықта болған балалар қазір қауіпсіз жерде.

Еліміздегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның әлеуметтік желідегі ақпаратына сәйкес, олардың денелері көгерген әрі тыртыққа толы болды. Сонымен қатар жүдеу, шаршаңқы, аш, кір-қожалақ, киімдерінің алба-жұлбасы шыққан. Балаларды қамқорлығына алған ата-ана оларды осындай күйге түсірген. Үлкен қыз колледжді тәмамдаған. Алайда іс жүзінде сабаққа мүлде бармаған. Ортаншы ұл колледжде оқиды. Құқық қорғау органы білім мекемесін тексерсе, ата-анасы тарапынан үнемі балалардың ауырғаны туралы анықтамалар ұсынып отырған екен. Қамқоршы қызды жұмыс істемесең, не шағымдансаң, бауырларыңды көрмейсің деп қорқытқан.

Бұл қамқоршы жақында патронатқа алуға болатын басқа балалар жайлы сұрастырған екен. Балалардың үлкенін қалаға 20 км қашықтықтағы өз фермасында еркінен тыс ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Фермада екі табын жылқы мен 18 сиыр бар.

Мақсат Несіпбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы:

2 бала колледж студенті, біреуі 21-ші мектеп оқушысы. Осы қыркүйек айынан бастап балаларда проблема басталған. Сабаққа қатыспау фактілері болған екен. Бірақ асырап алған потрантты ана білім беру ұйымына тиісті анықтама қағазын ұсынып отырған. Балалардың құқығын қорғау комитеті келесі аптада Жезқазған қаласының білім бөлімімен нөмірі 21 мектепке жоспардан тыс тексеруді ұйымдастырып жатыр. Бұл жоспардан тыс тексеру бас прокоратураның арнайы базасында тіркеледі.


Хабарламаларға жазылу