Елімізде автоөндіріске 410 млрд теңгеден аса инвестиция - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде автоөндіріске 410 млрд теңгеден аса инвестиция

22.02.2024

Елімізде автокомпонент өндірісіне 410 млрд теңгеден астам инвестиция құйылмақ. Бұл туралы «Қазақстанда автокомпонент базасын дамытудың болашағы» атты халықаралық конференцияда мәлім болды. Ауқымды іс-шараға отандық және шетелдік автоөндірушілер мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Жиын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Басқосуда еліміздегі автомобиль өндірісін одан әрі дамытып, қазақстандық көліктерді экспортқа шығарудың мүмкіндіктері талқыланды. Шетелдік инвесторлар Қазақстанның потенциалы мен инвестициялық климатына жоғары баға берді.

Джунг-Хун Ким, Kotra Almaty сауда және инвестицияларға жәрдемдесу агенттігі өкілдігінің директоры:

Қазақстан табиғи ресурстарға бай. Бұл, әрине, өнеркәсіптің дамуына әсер ететін негізгі фактор. Сондай-ақ қазір ғаламдық тауар тасымалдау тізбектері өзгеріске ұшырап жатқаны белгілі. Корея бұл өзгерістер мен мүмкіндіктердің автомобиль индустриясының дамуына ықпалы зор деп біледі. Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға дайын компаниялар үшін бұл – оңтайлы кезең.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу