Жолсеріктер жалақыны көтеруді сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолсеріктер жалақыны көтеруді сұрайды

21.02.2024

Жалақымыз еңбегімізге татымайды. Осылай деп шағымданған Қызылорда-Көкшетау бағытындағы жүрдек пойызының жолсеріктері бүгін жеке тасымалдаушы компания басшылығымен кездесіп, талап-тілектерін жеткізді.

Бұл бағыттағы жолаушылар пойызы 15 жыл бұрын мемлекет меншігінен «Nomadas» серіктестігінің иелегіне өткен. Содан бері жағдай түзелер емес. Пойызда вагон тазалайтын, көмір жағатын да өзіміз деген қызметкерлер жолаушылардан көп сын еститіндерін айтады.

Кенжетай Шәукебаева, Қызылорда-Көкшетау пойызының жолсерігі:

Ескі вагондар бар. Ондай кезде жолсеріктер дамыл жоқ ана пештің алдында қақиқып тұрамыз. Тек қана көмір саламыз, күл шығарамыз. Біз тек қана талап етіп отырғанымыз өзіміздің маңдай тер еңбегіміз. Айлығымызды 100 процент көбейтсін, шамасы келмесе компания бізді Үкіметке өткізсін.

Жеке компания өкілдері болса биыл жолсеріктердің жалақысын 105 мыңнан 126 мың теңгеге көтергенін алға тартады. Мұнан бөлек, жұмыс өтілі мен атқарған еңбегіне қарай қосымша төлемдер қарастырылған. Сондықтан еңбекақыны көтеру бойынша жолсеріктердің талап-арыздары негізсіз дейді серіктестік басшылығы.

Мұрат Жанұзақов «Nomadas» ЖШС заңгері:

Мысалы, 4 жылдың ішінде барлығы 65 пайызға көтерілген. Былтыр 2023 жылда 20 пайызға көтерілді. Биыл қаңтардан бастап 20 пайызға көтерілді. Оклад қазір 126. Еңбек инспекциясына арызданған, еңбек инспекция тексеруді бастайды. Сол кезде нақты нәтиже білінеді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу