Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасына қатысты пікір білдірді. Құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешудің жан-жақты тәсілдері қарастырылғанын, өзінің «Telegram» парақшасында жазды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
«Бұл құжат Президенттің былтыр күзде жариялаған Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленді. Жалпы, осы жобаға сәйкес түрлі заң актілеріне 70 түзету енгізу көзделіп отыр. Соның ішінде, отбасыларға көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді, сондай-ақ тұрмыс саласындағы қылмыстар және балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейтуді атап өтуге болады. Мәселен, адамды ұрып-соққаны, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіргені, азаптап-қинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді және күшейтілді. Бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға және алдын-алуға бағытталған бірқатар шара көзделген. Заң жобасын депутаттар мемлекеттік органдармен, сарапшылар қауымдастығымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп әзірледі. Бұл құжатты дайындауға Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева белсене атсалысты» - деп жазды.
Нұрсұлтан Тілектес