Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту үшін екі жаңа басқарма құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту үшін екі жаңа басқарма құрылады

21.02.2024

Бұдан-былай Алматы әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы жұмыс істейтін болады. Бүгін қалалық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында әкімдіктіктің бұл ұсынысын мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Бекітілген жаңа басқармаға жүктелетін негізгі міндет : сейсмикалық қауіпсіздік стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету, жер сілкінісі қаупін басқару және табиғи апаттар кезінде халықтың өзін-өзі ұстаудың базалық дағдыларына үйрету. Мәслихат депутаттары бұл басқарманың Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысынан қандай айырмашылығы болатынын сұрады.

Бейбіт Шаханов, Алматы әкімі аппаратының басшысы:

Бұл жаңадан құрылып отырған басқарма ТЖД жұмысын толықтырады деп ойлаймыз. Ол ТЖД негізі ТЖ болғаннан кейін соны қалпына келтіру жұмысымен айналысады, біз ұсынып отырған жаңа басқарма ТЖ алдын-алуға бағытталған негізгі жұмысы. Сейсмикалық қауіпсіздікті халықты жер сілкінісі болған кезде алдын-ала оқытып дайындығын өткізу, бүгінгі бар нормативті қаладағы құрылыс кездінде сақтау бағытталады. Сондықтан қайшы келмейді деп санаймыз.


Сондай-ақ, қалалық мәслихат «қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасын» құруды бекітті. Жаңа басқарма шаһардың тарихи келбетін сақтай отырып, қалалық ортаны қалыптастыруға, қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға және абаттандыру тұжырымдамаларын әзірлеуге жауапты болмақ. Әкімдіктің мәліметінше, жаңа басқармаларды құру штат санын көбейтуді көздемейді. Өйткені олар аудандық әкімдіктердің басқа басқармалары мен аппараттарын оңтайландыру есебінен құрылады. Айта кету керек, бұл қос басқарма тікелей Мемлекет басшысының сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту және қоғамдық кеңістіктерді сапалы дамыту жөніндегі тапсырмасынан кейін құрылып отыр.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу