Министр: Үнемделген 300 млрд теңге экономика саласына жұмсалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министр: Үнемделген 300 млрд теңге экономика саласына жұмсалады

20.02.2024

Ұлттық экономика министрі арнайы тексеріс кезінде бюджеттен 300 млрд теңге үнемделгенін айтты. Үкімет басшысы қаражатты оңды-солды шашпай, экономикалық өсімді ынталандыруға бағыттаймыз деп отыр. Ал отандық сарапшылар, артық ақша қордаланған мәселесі көп салаға жұмсалу керек дейді.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

Бұл біздегі комуналдық кәсіпорындардың модернизация жасалуына жұмсалу керек. Өйткені қазіргі уақытта комуналдық шығындардың қымбаттауы, оның түпкі тұтынушысы халық болғандықтан, халық оны өз қалтасына төлеп жатыр. Ол болашақта да арта береді. Өйткені, бізде тозу коэффициенті өте жоғары. 70 пайызға дейінгі кәсіпорындардың тозып кетуі. Міне, осы тозулардың алдын алуға жұмсалатын болса. Болашақта тарифтердің өсуін алдын алады. 

Үкімет басшысы алдағы уақытта қаржыны үнемдеу жұмыстарын министрлерге де, жүктеді. Бұл мәселені 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде де, ескеру қажет деді. Премьер-Министр артық қаражатты кіші және орта бизнеске де жүйелі түрде бағыттау мәселесін айтты. Иә, өте тиімді бастама, енді бұған халық не дейді? Пікірін тыңдап көрейік.

– Қазір көп жиналыстар өтіп жатады. Ол жиналыстардың халыққа да, ешкімге ешқандай пайдасы жоқ. Соған қаншама ақша бөлінеді. Олардың бәрі жәй далаға кетіп жатқан сияқты. Оны экономикаға қарай бөлу керек сол кетіп жатқан ақшаны. Міне, Премьер-министріміз де айтып жатыр ғой. Халықтың мүддесін ойлау керек, халықтың жағдайын ойлау керек деп

– Үкіметтің бастамасы өте жақсы келіп жатқан. Білім саласын, мектеп ошақтарын 100 пайыз өзгертіп қана қоймай, 200 пайызға дейін өзгертіп жаңашылдыққа ұмтылса ол жақсы жоба деп ойлаймын. Қаржаттары өзінің орнымен жұмсалса, құба-құп деп сенім артамыз. 

– Үкімет ауысқаннан кейін жаңа леп пайда болды. Мынау Үкіметте мемлекеттік сатып алу, сату дегенге экономикаға бөлінген миллиардтаған ақшалар бар, қаржыны дұрыс жұмсалуы, соған сәйкес уақытында орындалуы. 300 млрд жұмсалып жатыр деді әртүрлі салаға. Бұл нәтижесін беру керек. Бұл нәтижесін беру үшін оны қадағалау керек.


Хабарламаларға жазылу