М.Әшімбаев: Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы нәтиже бермеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М.Әшімбаев: Халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасы нәтиже бермеді

20.02.2024

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы нәтиже бермеді. Бүгін сенат қабырғасында өткен Үкімет сағатында Мәулен Әшімбаев бағдарламаны осылай деп сынға алды. Себебі, халық саны көбеюі тиіс солтүстік өңірде керсінше тұрғындар азайып кеткен. Халықтың бұл өңірге тұрақтамауына не себеп? Үкімет мәселені қалай шешпек? Сенаттағы демографияға арналған Үкімет сағатынан Самал Қабышева толығырақ.

Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барып, кері қайтқандардың бірі – Арайлым Елемесова. Түркістан облысының тумасы теріскейге 4 баласымен көшіп, тұрақтай алмаған.

Арайлым Елемесова, Түркістан облысының тұрғыны:

Мал бағамыз, жұмыс жасаймыз десеңіз, бір жылдық шөбіңізді де өтеп береміз деді. Барғаннан кейін мал алмадым. Мал жоқ болды менде. Бірақ көмірімді де бермеді. Оны да бермеді. Қарызға батып кеттік. Ол жақтың қысы масқара.

Марат Самсабеков, Дубровный ауылының тұрғыны:

Полдың бәрі шіріп жатыр уже. Пол астында подушка қойып істелмеген. Жерге тиіп тұр, қара жерге. 5 үй бар, 5 үйдің іші де сондай. Пол шіріп жатыр. Су қыста қатып қалады. Электр күйе береді, өзіміз амалдап істеп жатырмыз, енді не істейміз?

Солтүстікке қоныс аударғандардың өңірге тұрақтамай жатуына басты себептердің бірі осы. Сенат төрағасының сөзінше, соңғы кезде солтүстікте халық саны 22 пайызға дейін азайып кеткен.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Солтүстік аймақтарда, керісінше, азаю үрдісі байқалады. Соңғы жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстан (-22,43%), Павлодар (-5,76%) және Қостанай (-8,3%) облыстарында халық саны азайған. Бұл ретте оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы күтілген нәтижені бермегенін мойындауымыз керек.

Ал Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бұл мәселені шешу үшін ауқымды жобаларға басымдық беру керек деп санайды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ол жерде үлкен жобалар жүргізілуі керек. Жұмыс орындары ашылуы керек. Сонда ғана біз азаматтарды тарта аламыз. Себебі, оңтүстік өңірдегі жұмыссыздарды алып, солтүстік өңірден жұмыссыз жасаудан проблема шешілмейді ғой?! Ең негізгі мәселе, экономика жағынан Үкіметпен бұл мәселе жөнінде әріптестерімізбен тағы да ақылдасатын боламыз.

Бүгінде халқының саны 20 млн-нан асқан елімізде демограф мамандарды дайындайтын оқу орындары да жоқ екен.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Бүгінде еліміздегі бірде-бір университет демограф мамандар дайындамайды. Қазір комиссия мүшелері ұлттық университет базасында, шетелдік мықты ғылыми орталықтармен бірлесе отырып, «Демография» мамандығы бойынша магистратура ғылыми дәрежесін оқыту мәселесін қарастыруда.

Самал Қабышева, тілші:

Сондай-ақ Сенат депутаттары нақты демографиямен айналысатын жеке мекеменің жоқтығына алаңдаушылық танытты. Тіпті, бұл салада стратегиялық құжат та жоқтың қасы екен. Сенатор Әсем Рахметованың сөзінше, ең соңғы құжат 2001-2005 жылдарға арналыпты. Енді, ғылыми тұрғыда демграфия саласына басымдық беру жоспарлануда.


Хабарламаларға жазылу