Қазақ ғалымдары ғарышты игеруге үлес қоспақ. Ресейде орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институтында қазір 100-ге жуық қазақстандық ғалым бар. Олар ғарыш саласында да тың зерттеулер жүргізіп жатыр.
Нұрбек Тұрсынбаев ядролық мәселелер зертханасында кіші ғылыми қызметкер. Ол «озық технологиялар заманында ғарыштық сәулелерді зерттеу маңызды», - дейді.
Нұрбек Тұрсынбаев, жас ғалым:
Қазіргі біздің жердегі бар үдеткіштер үдете алмайтын энергиядағы бөлшектер космоста бізге ұшып келеді. Ол біздің күннен емес, басқа да галактикалардан ұшып келеді. Соны тіркеу арқылы оның қайдан ұшып келгенін, қандай энергиясын зерттеу арқылы жаңалықтар ашуға болады.
Ресейде орналасқан Біріккен ядролық зерттеулер институтында еңбек етіп жатқан қазақстандық ғалымдардың орташа жасы – 29. Олардың сөзінше, ғарышта болып жатқан барлық макропроцесстерді жердегі зертханаларда зерттеуге болады.
Қанат Нұрланұлы, жас ғалым:
Үлкен коллайдерларда осы элементар бөлшектердің қасиеттері, массасы, олардың ыдырау ені сияқты параметрлер зерттеліп, анықталады. Физикалық процесстерді сипаттауға біз өз модельдерімізді ұсынамыз.
Мегасайенс жобалары да ірі халықаралық бағдарламаларды қамтиды. Жалпы жас ғалымдардың жасампаз жаңалықтары еліміздің ғылым саласының өркендеуіне сеп болмақ.
Индира Бегайдар