Түркістан облысында тұрғындар мал жаятын жерлерді қайтаруды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тұрғындар мал жаятын жерлерді қайтаруды талап етті

20.02.2024

Түркістан облысының Сайрам ауданында екі мыңға жуық халық тұратын ауылда мал жаятын жер қалмаған. Таскешу елді мекенінің жайылымдарын жергілікті билік өкілдері жекеге сатып жіберген. Ал қалған азын-аулақ жерді тұрғындарға ескертпей, ауыл шаруашылығы басқармасына өткізіп жіберіпті. Осыған наразы жұрт жайылымдарды қайтарсын деп талап етті.

Мына жердің барлығы қоршаулы. Енді мына жерде тоқсан гектар. Осы 90 гектарды алатын болса, біздің жайылым жоқ. Мына тұрған клеткалар бар ма, мынаның барлығы жекеменшік.

Мал жаятын алақандай бос жер қалмады. Осылай деген Таскешулік тұрғындар бүгін жан айқайын жеткізу үшін ауыл ортасына жиналды. Малдарын қорада ұстауға мәжбүрміз дегендер төрт түлігін сатудан басқа амал қалмай отырғанын айтады. Себебі аудан басшылығы халықтың жайылымын агроаймақ ашуға беріп жіберген.

Сағымбек Тұранов, Таскешу ауылының тұрғыны:

Бұдан бір жыл бұрын ортақ жайылым болады, әкімшіліктің балансында тұрады деген соң, барлығы қайтарып берген жерін халық. Енді осы бір апта болды, жайылымсыз қалып отырмыз қазір. Жұрттың барлығы осы малмен күн көріп отыр. Ол жерде 200 гектардың 90 гектарын алса, жүз гектарға мал сыймайды да, жайыла алмайды да.

Мыңнан аса ұсақ мал мен сиыр, жылқы ұстайтын халық ауылдың жайылымына жету үшін енді көлік жалдаудан басқа амал қалмай тұр. Өйткені биліктің берген жайылымы Ордабасы ауданымен шекаралас жерде орналасқан. Ал ауылдың іргесіндегі жерлерді басқа адамдар сатып алып, қоршап тастапты.

Оңласбек Тұрлыбеков, Таскешу ауылының тұрғыны:

Мына жерден бастап 53 адам 5 гектар, 180 гектарды солардың барлығы алып алды. Алды уже қора салып жатыр. Ол біздің ауылдың тұрғындары емес, танымаймыз да. Ал олар қоршаса, ауылда мал шыға алмайды, болды. Мына трассадан ары өте алмаймыз.

Жер дауы ушыққан соң ауылға ауданның атқамінерлері жетті. Бірақ ашуға булыққан жұрт аудан әкімінің орынбасарын ортаға салып, жайылымдарды қайтаруды талап етті

Шухрат Убайдуллаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

Мемлекет меншігінде жер жоқ. Енді ең қолайлы басқа болмағандықтан, біз осы жерді СПК «Оңтүстікке» рәсімдеп отырмыз. Мемлекеттік саясат, өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті дамыту мақсатында осы шешім қабылданып, жер беріліп отыр.

Шенеуніктер тіпті кәсіпкерлердің заңсыз алған жерлерін біртіндеп қайтаруды бастаймыз деп сендірді. Алайда мұндай жауап жергілікті халықты қанағаттандырмады. Олар әділдік іздеп, облыс әкімінен көмек сұрауға бекініп отыр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу