Қазақстан-Қытай шекарасы қайта ашылып, екі ел арасындағы сауда-саттық жандана түсті. Көрші ел шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл мерекесін атап өткенде шекараны бірнеше күнге жабады. Осы кезде «Қорғас» халықаралық шекарамаңы ынтымақтастық орталығының жұмысы да тоқтайды.
Өткен жылдың сәуір айынан бері Қорғас ынтымақтастық орталығына 1 миллионнан астам кәсіпкер мен турист кіріп шыққан. Ал бір күнде қазір бұл жерге 4 мыңға жуық адам келеді. Кәсіпкерлер сауда-саттық жасаса, қарапайым тұрғындар керек-жарағын алады. Әрбір азамат айына бір рет 31 келі жүк өткізуге құқылы.
Бекеш Жүнісов, Жаркент қаласының тұрғыны:
Айына бір рет кіреміз. Қолайлы. Дөңгелек аламыз өзімізге керекті заттар керек қой үйге.
Хадиша Мақатова, Алматы қаласының тұрғыны:
Балаларымызға киім аламыз. Біз Алматыдан қымбатқа аламыз негізі. 2 мың теңге алған нәрсе Қытайда 6 мың теңге тұрады.
Орталық ашылғалы инвестиция көлемі 130 млрд теңге болатын 22 келісімшарт жасады. Биыл 20 млрд теңгенің 9 жобасы жүзе аспақ. Негізінен сауда орталықтары, қонақ үй, ойын-сауық кешендерін салу жоспарланған. Мұнан бөлек халықтың кіріп-шығуы және жүктің кедергісіз өтуі цифрландырылмақ.
Ерсін Оразаев, басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
Туристер онлайн форматта арнайы қосымша арқылы билет сатып ала алатын болады. Ол жерде біз әрбір келушінің жолын бақылай аламыз. Мұнан бөлек жүк қабылдайтын пункттерін санын 20-ға жеткіземіз.
Алдағы уақытта бұл жерде өндіріс орындарын салуға да болады. Орталық мемлекетке инвестицияның келуімен, жеке азаматтарға сауда-саттық жасаумен, ал Панфилов ауданының тұрғындарына жаңа жұмыс орындарының ашылуымен тиімді.
Қуаныш Қанатұлы
