Пәкістандық студенттер Абай өлеңдерін жатқа біледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пәкістандық студенттер Абай өлеңдерін жатқа біледі

17.02.2024

Қазақстанда білім алатын шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жүр. Олар еліміздің бай мәдениетімен де, ұлттық дәстүрлерімен де етене таныс. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Файз Әли Ұлы Абайдың туындыларын жатқа біледі. Өлеңдерін оқиды, әндерін шырқайды. Қазіргі таңда пәкістан азаматы қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетіне де қызығушылық танытып отыр.

Пәкістандық Файз Әли ән айтқанды бұрыннан ұнатады. Сабақтан тыс уақытта вокал үйірмесіне қатысып, шеберлігін әрдайым шыңдап отырады. Қазақстанға келмес бұрын тек өз тілінде ән шырқаған ол соңғы кездері Ұлы Абайдың туындыларына қызығып жүрген көрінеді. Енді қазақ жұртының төл аспабында ойнауға ниетті. Қазір ол домбыра тартуды үйреніп жүр.

Файз Әли, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті:

Қазақ тіліне деген қызығушылық бірінші курстан басталды. Қазақ тілі сабағы маған ұнады. Мен университеттегі вокал студиясына жазылдым. Азамат ағай мені қазақ мәдениетімен таныстыра бастады.

Ал Ауғанстаннан білім қуып келген Абдул баситтың қазақ тілін үйреніп жүргеніне жеті айдың жүзі болыпты. Ол пушту, ағылшын, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерген. Сондықтан «қазақша сөйлеп кету де қиынға соқпады»,-дейді ол.

Абдул Басит Әли Зай, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті:

Мен түрік тілін білемін. Қазақша және түрік тілі ұқсайды. Бірнеше сөздері ұқсайды. Қазақша маған ұнайды. Бірнеше достарым бар. Олармен қазақша сөйлесемін.

Пәкістан мен Үндістан елдерінен келген екі студент те медицина кафедрасында білім алады. Айтуларынша қазіргі таңда қазақстанның білім жүйесіне қызығатындар көп. Өйткені отандық университеттерде оқу бағдарламасы сапалы, оған қоса шетелдіктер үшін де қолжетімді.

Гүлгүл Ысқақова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің лекторы:

Екі-үш ай көлемінде олар бес жүз сөзге дейін жаттайды. Негізінен олар енді медициналық жоғары мектебінде оқып жатқандықтан, ертең науқастармен қалай тілдік қарым-қатынасқа түсу керек, қалай жауап беру керек деген тұстарын үйретіп жатырмыз.

Қазіргі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде әлемнің он алты елінен келген 400-ден астам студент білім алады. Көбінің қазақ тілін білуге деген құлшынысы мол. Сондықтан, олар үшін арнайы тіл курстары ашылған.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу