Тараздық тұрғын голландиялық қызғалдақ өсіретін жылыжай ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздық тұрғын голландиялық қызғалдақ өсіретін жылыжай ашты

17.02.2024

Жамбылда ауыл тұрғыны аймақ бойынша алғаш рет голландиялық қызғалдақтар өсіретін жылыжай ашты. Аса ауылында тұратын Досжан Жамбылов бұрын болмаған бизнес үшін есік алдынан екі соттық жер арнаған. 31 жастағы бағбан өзге елде өсетін 10-нан астам қызғалдақ түрін баптап отыр. Ал тың кәсіпке тәуекел етуге жан-жарының гүлге құмарлығы себеп.

Досжан осыдан үш жыл бұрын, қызғалдақтарын бір ғана жәшікке отырғызып көреді. Сынағы сәтті болған соң былтыр астындағы автокөлігін сатып, 3 жарым млн теңгеге 2 соттық жылыжай салды. Сөйтіп, голландиялық он түрлі қызғалдақтың 17 мың түп пиязшығын отырғызған. Қарашада жерсіндірген жауқазындары жайқалып тұр.

Досжан Жамбылов, кәсіпкер:

Қызғалдақ өсіру бизнес түрі өте аз болғандықтан, +жанұямызбен бірігіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қылып кәсіпке айналдарып отырмыз.+ Болашақта 2-3-тен астам жылыжайды соғып, 50 мыңнан астам қызғалдақ өсірсек деген жоспарымызда бар.

Жылыжайда ауа температурасы +22, ал топырағы 14 градус жылы. Іші күрт жылынып кеткен жағдайда желдеткіштерді қосады. Күн көзі түссе қараңғылап қояды. Өйткені жылу мен жарық артық болса, күлтесін мезгілінен ерте ашады екен.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Лалагүлдер тұқымына жататын пиязтамырлы гүлдер бес күнде бір суарылады. Қазір қызғалдақтар бәкене бойлы болғанымен 20 күннен кейін жарты метрге жетеді. Ақпанның аяғында аядай жылыжайдың іші 15 түрлі түске боялып, жұпар иіске бөлейтін болады.

Досжан гүлдерін 8 наурыз қарсаңында сатпақ. Ары қарай қызғалдақтан босаған топыраққа құлпынай мен шалғам екпек. Ал агросала мамандары аумағы 1 гектардан аспайтын жылыжайларға қаржылай қолдау тек несие түрінде дейді.

Дулат Оспанов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

Ол жерге ешқандай субсидия қарастырылмаған. Бірақ біз оған мынау «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 30 млн теңгеге дейін несие бере аламыз. 5 жылға дейін бере аламыз, үстемақысы 2,5 пайыз.

Жас кәсіпкер несие алуға ниетті. Ол үшін кепілдікке үйін тігуі тиіс. Айта кетейік, биыл көктемде «Ауыл аманаты» жобасымен жамбылдық шаруаларға 13,2 млрд теңге қаржы беріледі.

Данияр Әлімқұл



Хабарламаларға жазылу