Алматыда көліктердің 60 пайызы ескі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көліктердің 60 пайызы ескі

17.02.2024

Ел ішіндегі көліктердің 60 пайызы ескі. Алматыда ауаны ластап жүрген көліктер жаппай тексеріле бастады. Шаһардың эко-бекеттерінде бір жыл ішінде 223 мыңнан аса машина тоқтатылса, оның 34 мыңынан шамадан тыс улы газ бөлінетіні анықталған. Енді биылдан бастап түтіндеген көліктерді «Экосергек» бейнекамералары анықтап, полицияға тізімін беріп отырады.

Андрей Литвинов, жоба менеджері:

Бұл камералар көшедегі барлық көліктерді түсіреді. Шамадан тыс түтіндеген техникаларды бірден анықталып, орталық жүйеге түседі. Ары қарай тәртіп сақшылары айналысады.

Экологтар қаладағы ауаның ластануына басты себеп – осы көліктерден шығатын зиянды заттар екенін айтады. Қазір темір тұлпарлардың экологияға әсері 70%-ға жеткен. Сондықтан әр жүргізуші бұл мәселеге жауапкершілікпен қарағанда ғана оң шешімін табады деп отыр.

Дінмұхамед Лесбеков, эколог:

Экологияның жақсаруы тек мұндай әкімшілік шараларға ғана емес, халықтың өзіне тікелей байланысты. Халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі біздің экологиялық ахуалымызды жақсартуға кедергі келтіріп отырған фактор.

Мамандардың сөзінше, еліміз бойынша қолданыстағы көліктердің 60%-ы 20 жылдан асқан. Қазір экологиялық бақылау саласындағы заңдарға енгізу мен түзетулер енгізу мәжілісте қаралып жатыр. Мәселен, бұған дейін ауаны ластаушы көліктердің жүргізушілеріне алғашқыда ескерту берілсе, енді бұл тәртіп алынып тасталуы мүмкін. Яғни бірден айыппұл салынады. Бұл талап туралы жүргізушілер былай дейді.

Блиц:

- Жаңа көлік алуға шамамыз жетпейді. Біз сонда не істейміз?
- Қазір енді экология жағы мәз емес. Менің ойымша барынша ластамау керек.
- Қазір қала емес ауылда бәрі ескі машиналар. Баяғы ескі машинамен жүреді. Оның бәрі түтіндейді. Ескірген соң эколгияға зиянын тигізеді. 

Қала әкімдігі экологияны жақсарту мәселесі өзекті екенін жақсы біледі. Қазір қаладағы қоғамдық көліктер газға ауыстырылып жатыр. Ал ескі темір тұлпарлардың проблемасы әлі күн тәртібінде тұр. Мегаполисте өткен жылдың өзінде ауаны ластаған көлік иелеріне 207 млн теңгеден аса айыппұл салынған.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу