Бүгін Алматыда таңнан бері тұрғындардың жаяу да, көлікпен де жүруі тым қиындап кетті. Өйткені, қала көшелері толассыз жауған қардан тазартылмаған. Көктайғақта жол-көлік апаты да көбейіп кетті. Ал әуе рейстері кешігіп жатыр. Алып шаһардағы ахуалды Әйгерім Ердәулет баяндасын.
ҚАЛЫҢ ҚАР ҚОЗҒАЛЫСТЫ ҚИЫНДАТТЫ
Таңғы 7:30-дан бері бері толассыз жуып жатқан қардың қалыңдығы түске дейін-ақ, 20 сантиметрге жетті. Көктайғақта көшеде кібіртіктеп әрең жүрген тұрғындар, коммуналдық қызметтің жұмысына наразы. Қалың қар Алматыда биылдыққа бірнеше рет жауса да, үнемі қаланы аршып үлгермейді,- дейді олар.
Иә, бүгін түскі сағат 3-ке дейін 82 жол апаты болыпты. 9 адам зардап шеккен. Ал бір жаяу жүргіншіні жеңіл көлік қағып кетіп, келіншек оқиға орнында көз жұмған. Ал коммуналдық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп-ақ жатырмыз дейді. Олар түске дейін көктайғақ күшейіп кетпес үшін 1 мың 120 тонна арнайы қоспа шашып үлгергендерін айтады. Ал қар тазалау үшін 483 техника мен 1 мың 180 жол жұмысшысы істеп жатыр дейді. Ал түнде тағы ірі 560 техника шығады дейді.
Александр Сергеев, қалалық коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:
Сағат 12-ден бастап 11 колоннаның күшімен қарды тазарту ұйымдастырылды.Тротуарларды қардан тазартуға 174 шағын габаритті техника жұмылдырылған. Олар тротуарларды, жалпы әлеуметтік маңызы бар нысандардың кіреберістерін қардан тазартуда. Қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен тазартылуда. Кешкі 4-ке дейін 20 см қар түсті, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
РЕЙСТЕР КЕШІГІП ЖАТЫР
Ауа райының қолайсызығынан әуежайда ондаған рейстің ұшуы белгісіз уақытқа дейін шегеріліп отыр. Жолаушылар Астана, Қызылорда, Семей, Қостанай, Өскемен, Түркістан, Доха мен Мәскеуге билет алып қойған болатын.
Сондай-ақ, Алматыға да бағыт алмақшы болған ішкі және шетелдік рейстер де уақытында жете алмай отыр. Ал кейбір рейстер мүлдем тоқтатылған.
Айта кетейік, алып шаһарда ақ ұлпа түнгі 1-ге дейін жауады деп күтілуде. Бүгін кешке минус 15 градус аяз болса, таңертең 23 градусқа жетеді.
Әйгерім Ердәулет