Ресейдің сыртқы саудадан түсетін кіріс төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің сыртқы саудадан түсетін кіріс төмендеді

16.02.2024

Ресейдің сыртқы саудадан түсетін табысы 2,4 есе төмендеді. Санкция құрсауында қалған елді тағы қымбатшылық жайлады. Батыс елдерімен алыс-беріс үзілгелі экспорт көлемі де қысқарған.

Осы жылдың қаңтарында бюджет тапшылығы 308 миллиард рубльге жетті. Ресейдің Еуропаға экспорты 70 пайызға, Азия елдеріне 10 пайызға қысқарды. Өйткені экономикалық шектеулердің салдарынан логистика бұзылды.

Инна Андронова, экономика ғылымдарының кандидаты:

Біз халықаралық логистиканы қайта құруымыз керек. Қазіргі басты міндет- әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатты жақсарту. Бұл үшін өнеркәсіпті өркендетіп, технологияны дамытқан жөн. Бұған жылдар кететіні анық.

Былтырдан бері Ресейдің ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 5 рет көтерген. Экономистер рубль бағамын ұстап тұру үшін базалық мөлшерлеме тағы өсуі мүмкін дейді. Салдарынан елде азық-түлік, техника, ипотекалық мөлшерлеме, дәрі-дәрмек құны тағы қымбаттайды. Ал шетелден жеткізілетін импорттық тауарлар мен дәрілік препараттар жоқтың қасы.

Виктория Преснякова, фармацевтикалық қауымдастықтар альянсының басшысы:

Дәрілік препараттар санкцияға ілігетін тауар тізіміне кірмесе де, шетелдік инвесторлар Ресей нарығына ақша құюды азайтуда. Сондықтан кей дәрі түрлеріне тапшылық туындап отыр.

Қаңтардың соңында инфляция 7 пайыздан асып кетті. Ал үкімет жақын арада зейнетақы, жәдемақы әлеуметтік төлемдер индексацияланатынын мәлімдеді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу