Теміртаудағы газ жарылысы: Үйінді астынан автокөлік шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртаудағы газ жарылысы: Үйінді астынан автокөлік шығарылды

15.02.2024

Теміртауда құтқарушылар қираған үйіндінің астынан «Газель» автокөлігін шығарды. Мамандардың мәліметінше, оның газ жабдықтау қондырғылары зақымданбаған. Яғни, жарылыстың не себептен болғаны әлі белгісіз. Оған қоса, ғимаратқа газ орталық желіден жеткізілгені анықталды.

Бүгін таңертең Теміртау қаласындағы екі қабатты дүкенде газ жарылып, бір адам қайтыс болды. Тағы біреуі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Жалпы, соңғы кездері елімізде газ жарылысы жиілеп барады. Мәселен, Оралда қаңтардың 4-і күні дәмханада газ қоспасы жарылып, өрт шыққан. Қайғылы оқиғада үш адам қаза тауып, алтауы жараланған. Ал қаңтардың 2-сі Атырау қаласындағы тұрғын үйде газ жарылып, 4 адам қаза тапқан еді. Құтқарушылар мұндай жағдайлар көбінесе тұрғындардың қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауларынан болады, - дейді.

Айбек Қадыров, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:

Газ баллондарының техникалық жағдайына аса мән берген жөн. Оны тек арнайы белгіленген орындарда ғана толтыру қажет. Әсіресе, қыс мезгілдерінде суықта тұрған газ қондырғыларын бірден үйге кіргізіп, қосуға болмайды. Бұл аса қауіпті. Ал егер үйде газдың иісі шығып тұрса, бірден арнайы мамандарды шақыру керек. 


Хабарламаларға жазылу