Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар депутаттарының алдында сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар депутаттарының алдында сөз сөйледі

15.02.2024

«Қазақстан мен Қатар берік достық байланыстарға, ортақ құндылықтарға және өзара қолдауға негізделген сенімді серіктестік қатынастарды құптайды». Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Консультативтік кеңесінің, яғни Парламент мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде айтты. Әрі өзара ықпалдастық дами түссе, «Қатардың Қазақстандағы ең ірі 10 инвестордың бірі болуына мүмкіндігі мол» деп есептейтінін жеткізді. Ынтымақтың негізгі бағыттарына да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейінгі уақытта елдеріміз арасындағы ықпалдастықтың артып келе жатқанына көңіліміз толады. Екі елдің кәсіпкерлері мен азаматтары визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық рейстің игілігін көріп отыр. Дегенмен бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Менің сапарым және Қатар басшылығымен бүгінгі пікір алмасулар өзара қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. 

Мемлекет басшысы Қатар 2021 жылы Консультативтік кеңеске алғаш рет сайлау өткізгенін маңызы зор шешім деп бағалады. «Бұл бастама Қатардың өркендеуіне ықпал етіп, халықаралық беделін нығайтады» деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Консультативтік Кеңестің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті екенін де айта кетейік.

Арман Исағалиев, Қазақстанның Қатар мемлекетіндегі Төтенше және өкілетті елшісі:

Бұл деген Қатар мемлекетінде бұрын болмаған жағдай. Шет мемлекет басшылары Мәжіліске баратын, бірақ сөз сөйлеу дегенді естіген жоқпыз. Бірінші рет Қазақстан Президентіне құрметпен қарап жатқаны соншалықты, Парламент мүшелерін шақырып, сөз сөйлеуге мүмкіндік берді. 


Хабарламаларға жазылу