Биыл алғаш рет 7 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн порталы іске қосылады – Аида Балаева - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл алғаш рет 7 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн порталы іске қосылады – Аида Балаева

15.02.2024

Биыл алғаш рет 7 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн порталы іске қосылады. Мақсат – портал арқылы мәдени құндылықтарымызды шет ел аудиториясына насихаттау. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.

Биыл министрлік қандай кешенді жоспар мен бастамалар көтеріп отыр? Алқалы отырыстан Нұрсұлтан Тілектес сабақтайды.

Мәдениет пен ақпаратты қатар тізгіндеген министрліктің жоспары көп. Жаңа басталған жылдың басты жаңалықтарының бірі - еліміздегі татулық пен ынтымақты ту еткен «Бірлік» ансамблінің құрылуы. Ал «Ақжауын» ансамбліне республикалық статус беру мәселесі қазір қаралып жатыр. Сүйінші сұрайтын тағы бір жаңалық, биыл алғаш рет 7 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталы іске қосылмақ. Мақсат портал арқылы мәдени құндылықтарымызды шет ел аудиториясына насихаттау дейді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Оның айтуынша, биыл БАҚ саласына біршама өзгерістер енгізіледі.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Радиода шетелдік контентті қайталап көрсету мүмкіндігін 20-дан 10%-ға дейін қысқарту, телерадио арналардағы отандық контент пен тілдік үйлесін жыл сайын 5%-дан 60-70%-ға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Әсіресе, шекара маңындағы аудандарда отандық телерадио хабарын тарату аумағын кеңейту жоспарлуда. 

Сыртқы ақпараттық шабуылдарға, деструктивті идеологияның және жалған ақпараттардың таралуына жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылданбақ. Былтыр онлайн платформаларда 2000-нан астам жалған ақпарат тарату дерегі тіркелген. Министрдің сөзінше, Президент тапсырмасына сай, креативті индустрия саласын дамытуға да үлкен көңіл бөлінді.

Мақпал Жұмабай, «Тіл қазына» ұлттық ғылыми-парктикалық орталығының директоры:

15 мыңнан астам жастың тікелей шығармашылық прцесске қатысуымен 1500-ден астам мәдени жоба жүзеге асырылды. Нарыққа 30-дан астам музыкалық топтың шығармашылығы ұсынылып, резидент театрларымыздың өзі 10-нан асты. Бүгінде 50-ден астам жобаны жүзеге асырып келеміз.

Тағы бір жаңалық – енді кітаптарды басып шығару, әдебиетті қолдау қалың көпшілікпен талқыланып, жаңа ережеге сәйкес жүзеге аспақ.

Айта кеткен жөн, жаңа туындылар мен жас таланттарды таныту, ұлт әдебиетінің жауһарына айналған кітаптарды қайта басып шығару, оларды шет тілдерге аудару мақсатында министрлік жанынан әдеби клуб ашылады.


Хабарламаларға жазылу