Оралда ұшақта жүрегі тоқтап қалған сәбиді құтқарған дәрігер марапатталды.
Демікпе дертімен диспансерлік есепте тұрған 1,5 жастағы сәбидің кенет тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтап қалады. Жолаушы ретінде ұшақ бортында болған дәрігер дереу баланың жағдайын бағалап, алғашқы реанимациялық көмек көрсетеді. Салон іші күңгірт болғаны науқастың тері түсін, жағдайын дөп басып анықтауға қиындық туғызған. Кәсіби құрал-жабдық та жоқ. Басқа да қиындықтарға қарамастан, дәрігер баланы ажалдан арашалап қалды.
Гүлсім Жұмағалиева, облыстық балалар ауруханасының неонатолог дәрігер:
Баланың жүрегі тоқтап, демалмай қалғанда, өзім қорқып кеткенім рас. Бірақ айқайлап, дүрбелең туғызбадым. Өйткені ұшақта үлкен кісілер, балалар бар, олар да шошып кетуі мүмкін еді. Тіпті, ұшақты шұғыл қондырудың қаншалықты қажеттілігі туралы шешім қабылдау керек болды. Бірақ баланың тыныс алуы дұрысталды.
Ұшақ қонғаннан кейін, сәби жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Қажет ем-дом жасалып, анасымен бірге үйіне жіберілді. Алайда анасы отбасылық жағдайымен сұхбат беруден бас тартты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының әлеуметтік желісінде дәрігерге ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.