Бүгін – халықаралық кітап сыйлау күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – халықаралық кітап сыйлау күні

14.02.2024

Бүгін – халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл атаулы мейрам 2012 жылдан бері тойланып келеді. Адамдар бір-біріне құрмет пен сыйластықтың белгісі ретінде сыйлыққа кітап ұсынады.

Профессор Зинол-Ғабден Бисенғалидың сөресінде қазір 20 мыңға жуық кітап тұр. Олардың арасында сыйға тартылғандары да бар.

Зинол-Ғабден Бисенғали, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Кітаптың адамға әсерін жеткізе алмайсың. Кітаптың адамға әсері шексіз. Неге? Өйткені, сіз кітапты оқысаңыз, сізден бұрын өмір сүрген адамның өмір туралы тебіреністерін, толқуларын, қалай ойлағанын байқайсыз. Сол арқылы есті адам көп нәрсе ала алады.

Қуан Нұрақын, тілші:

«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы». Расында, ең жақсы сыйлық – кітап. Бізде осы атаулы күнде Ұлттық арнаның атынан қала тұрғындарына кітап сыйлауды жөн көрдік.

Қоғамдық саясат институты кітап оқу туралы сауалнама жүргізген. Оған еліміздің әр өңірінен 8 мың адам қатысқан. Респонденттердің 26,5 %-ы жылына кемінде 1 кітап оқитынын айтқан. 52%-ы оқуға уақытым жоқ десе, 21% проценті бетін ашпаймын деп жауап берген.

Кітапхана қызметкерлері кітап сыйлау дәстүрі соңғы 2-3 жылда жақсы қарқын алып келе жатқанын айтады. Соның арқасында қазір кітап қоры 100 мыңға таяған.

Бану Дәулетбаева, қалалық Ж.Жабаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының директоры:

Отандық баспалар соңғы уақытта шыққан кітаптарын, авторлар басқа да, демеушілер кітап қорын байытуға ат салысып, осы акцияға белсене қатысып жатыр.

50 жылдан аса уақыт ұстаздық ететін тіл маманының сөзінше, кітаптың оқылуы үшін көбірек таратылуы тиіс деген пікірде.

Зинол-Ғабден Бисенғали, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Бүгін көрермендерді құттықтағым келеді. Бұл кітапты сүйетін, қымбат қазына ретінде бір-біріне сыйлайтын адамдар үшін ұлы күн деп айтуға болады.

Ғалым сөз соңында бізге де естелік ретінде өз кітабын сыйға тартты.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу