Батыс Қазақстанда ауыл әкімі боранда адасқан адамды іздеп тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда ауыл әкімі боранда адасқан адамды іздеп тапты

14.02.2024

Трактордың күрегіне мінген ауыл әкімі ауылдасын құтқарды. Оқиға Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданының Жосалы ауылдық округінде болған. Боранды күні Кеңащы ауылындағы шаруа қожалығында жұмыс істейтін 46 жастағы азамат кешкі сағат 09:00 шамасында тракторымен Қоңыр ауылына қарай жолға шыққан. Арақашықтық 15 шақырым. Алайда ақтүтек боранда тракторы жолдан шығып, қапталдағы қарға белуардан батып қалған. Ер адам техникасын тастап, жаяу жүруге бекінеді. Ал «адам жоғалды» деген хабарды алысымен, Жосалы ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұлов дереу атқа қонады. Басқа көлік жүре алмайтын болған соң, ол қасына екі жолсерік алып, трактормен жолға шығады. Адым жер көрінбегесін, трактордың жүк көтеретін агрегатына отырып, жол көрсетеді. Байланыс қосылып, ер адамның электр бағаны қасында тұрғанын анықтайды. 10 минуттық жерді 2 сағаттай кезген трактордағылар адасқан жұмысшыны тауып, аман-есен үйіне жеткізген.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу