Вашингтонда бетперде киюге тыйым салынбақ. Арнайы заң жобасы қазір қызу талқыланып жатыр. Бірақ, бұл жалпыға ортақ ереже емес. Қылмыс жасау мақсатында бет жүзін тұмшалайтындарға қатысты. Себебі, шаһарда қылмыс күрт көбейді. Әсіресе, былтыр адам өлтіру 35 пайызға артқан. Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Соңғы жылдары АҚШ-тағы ірі қалалардың көбіне қылмыс азайып жатса, Вашингтонда керісінше зорлық-зомбылық өршіп кетті. Әсіресе адам өлтіру қылмысы көп тіркелген бес қаланың қатарына енді. Былтыр 274 адам кісі қолынан қаза тапты.
Вашингтонның оңтүстік-шығыс бөлігі. Тал түс. Көшедегі бақылау камерасына жазылған видеодан артына алаңдай қарап жүріп бара жатқан жігіт пен оған қарсы келе жатқан адамды көруге болады. Кенет жол шетіне тоқтаған көліктен жүгіре шыққан бетперделі күдіктілер оларға автоматты қарудан оқ жаудырады. Салдарынан екуі де оқиға орнында көз жұмды. Бұл қылмыс бастауыш мектеп пен балабақша маңында болды. Өткен аптада Трамп әкімшілігінің бұрынғы лауазымды тұлғасы оның көлігін ұрламақ болған қылмыскердің қолынан қаза тапты. Ақ үйге қол созымдай жерде бұл қылмыс бүкіл елді дүр сілкіндірді. Ал, бұған дейін Генри Куэллар есімді конгрессменге үш күдікті үйінің жанында қару кезеніп, көлігін ұрлап кеткен еді.
Генри Куэллар, АҚШ Конгресмені:
Олар маска киіп алған. бірақ, жас жігіттер екені көрініп тұрды. Менің каратэден қара белбеуім бар. Алайда, сізге үш адам қару кезеніп тұрса, тәуекелге барудың қажеті жоқ. Бұл оқиға Капитолийде бір милдей жерде болды. Ол маңда көптеген депутат тұрады.
Ал былтыр қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан тұрғындардың әрбір оныншысы 18-ге толмаған жастар. Мұның бәрі қылмыстық заңнаманы босаңсытуға бағытталған реформаның салдары, - дейді Колумбия округінің мэрі. Сондықтан Вашингтон қарумен жасалатын қылмысқа, есірткі саудасына және топ болып тонаушыларға қарсы жазаны қатаңдататын және полиция құзырын кеңейтін заң бектек. Сонымен қатар ковид кезінде тоқтатылған бетперде киюді шектейтін заң талабы қайта күшіне енеді.
Мюриэль Баузер, Колумбия округінің мэрі:
Қаламызда ешқандай зорлық-зомбылық жол берілмеуі тиіс және адамдар арасында қалыптасқан «бұзақылық пен қылмыс жасаса да жазан сытылып кетуге болады» деген түсінікті жоюымыз керек. Осы заң бізге бұны өзгертуге көмектеседі.
Былтыр қалада көлік ұрлығы екі есе көп тіркелген. Мыңға жуық темір тұлпар қолды болды. Биыл да бұл қарқын бәсеңсімеген секілді. Жыл басталғалы алпысқа жуық жүргізуші зардап шекті.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Қарумен жасалатын қылмыстар негізінен шаһардың қара нәсілді азаматтары көп тұратын аймағында жиі болады. Ал, ондағы тепсе темір үзетін жігіттердің көбі жұмыссыз, нақты кәсібі де жоқ. Жалпы, шаһардағы жүз мың адамның айлығы шайлығына жетпейді. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, қылмыстың себебіне үңілмей, жазаны қатайтып, салдармен қанша күрескенмен елеулі нәтиже болмайды.
Жалғас Сәдібекұлы