Оралда көктайғақтан көшелер мұз айдынына айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда көктайғақтан көшелер мұз айдынына айналды

13.02.2024

Оралда көктайғақтың кесірінен қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап қалды. Қала көшелері алып мұз айдынына айналды.

Аймақта түнде қатты жел, кей жерде бұрқасын болып, соңы жауын-шашынға ұласқан еді. Қоғамдық көлік жүргізушілері жолдарға құм-тұз төсегенше, жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді. Облыс бойынша оқушылар сабақты қашықтан оқыды. Барлық бағыттағы жолдар жабылып, ауа райының қолайсыздығынан әуежай ұшақтарды қабылдамады.

Жағдай түскі 11-лерде ғана реттелді. Көшелерге құм-тұз қоспасы себіліп, қоғамдық көлік қозғалысы жанданды.

Көктайғақтан аяқ-қолы сынып, жарақат алғандар саны 100-ге жуықтады. Тек облыстық ауруханаға сегіз сағат ішінде түрлі жарақатпен 56 науқас түскен. Дені ренгенге түсуге кезекте тұр. Былай күндері тәулігіне 15-40 адам ғана жүгінеді екен. Аймақта алдағы екі күнде сынап бағаны -22-ден -30 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз болатыны туралы дауылды ескерту берілді.

 Алмас Жалғасбаев, дәрігер:

Адамдар өзінің ой-санасын өзгертуі керек. Бірінші байлық - денсаулық екенін есте ұстауы керек. Көктайғақ болатынын ескерткеннен кейін аяғына түрпі жапсырылған резеңке тартпаны киіп алған дұрыс. Бұл - таймаудың, құламаудың бірден-бір жолы.

 Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу