Қазақстан мен Қатар арасындағы дипломатиялық байланыс «стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Қатар арасындағы дипломатиялық байланыс «стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілмек

Қазақстан мен Қатар арасындағы дипломатиялық байланыс «стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілмек

«Қазақстан мен Қатар арасындағы дипломатиялық байланыс «стратегиялық әріптестік» деңгейіне көтерілмек». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға мемлекеттік сапары алдында біздің арнаға сұхбат берген Қазақстан елшісі осылай деді. Мемлекет басшысының Таяу шығыстағы серіктес елге сапарының бағдарламасы тығыз. Алдымен Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу жоспарланған. Одан кейін елдің Премьер-министрімен келіссөз жүргізбек. Екі елдің саяси қарым-қатынасы қазір қандай деңгейде? Дохадан тілшіміз Данияр Қайыртай баяндайды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Мұнай мен газдан түскен табыстан байыған Қатар мемлекетінің Таяу шығыстағы геосаяси ықпалы күшті. Ал экономикасы Парсы шығанағы елдері арасында ең қарқынды өсіп келе жатқан ел. Сондықтан бұл мемлекет Қазақстанның осы аймақтағы маңызды серіктесі саналады.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Қатар – қатардағы мемлекет емес. Оның артында үлкен АҚШ тұр. Франциямен, Қытаймен, Түркиямен, Иранмен Сауд Арабиясымен өте жақын қарым-қатынастары бар, Израильмен де контактілері бар. Міне, осы тұрғыдан келгенде Қатар үлкен геосаяси ойыншы. Қазақстанның серіктес іздеп барғаны әрі Қазақстан үшін де, әрі Қатар үшін де маңызды болып тұр.

Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жылдан асқан. Ал саяси серіктестіктің іргетасын 90-жылдардың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі кезінде қалыптастырған. Кейінгі жылдары қарым-қатынас тіпті үдеп келеді.

Соңғы 5 жылда екі ел басшысы халықаралық іс-шаралар аясында 6 рет кездескен, 8 рет телефон арқылы сөйлескен. Ал Қатар әмірі Қазақстанға алдыңғы жылы мемлекеттік сапар жасаса, былтыр Астана экономикалық форумына қатысу үшін жұмыс сапарымен келген еді. Президент Қ.Тоқаев 2 жыл бұрын әмірдің шақыруымен Қатар экономикалық форумына қатысып қайтқаны да есте.

Арман Исағалиев, Қазақстанның Қатардағы Елшісі:

Біз қазір стратегиялық әріптестіктің алдында тұрмыз. Осы уақытқа дейін Қатардан біздерге 75 млн доллар инвестиция тартылды. Бірақ осы қазіргі болайын деп жатқан мемсапар аясында біз қаржы саласында, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және энергетика саласында қомақты жобаларға қол қоямыз.

Қазақ-қатар байланысы сауда-экономикалық салада да дамып, былтыр 2,5 пайыздық өсім көрсетті. Екіжақты қарым-қатынас әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық бағытта да қарқын ала бастаған. Қатар әлемдегі геосаяси тұрақсыздықты да өз мүддесіне орай пайдаланғысы келеді дейді сарапшы.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Қазіргі Қатардың Қазақстанға, ОА-ға қызығушылық білдіруі астарында осы Украина кризисі жатыр. Мысалы, Ресейге логистикалық жолдар арқылы белгілі бір тауарларды жеткізуде мүдделері болуы мүмкін. Яғни, Қазақстанды Ресейге және Қытайға шығатын логистикалық хаб ретінде қабылдауы мүмкін.

Президент мінген борт бүгін Доха әуежайына қонады. Мемлекет басшысын әуежайдан Қатар әмірінің өзі күтіп алады деп жоспарланған. Ал екі жақты ресми кездесулер ертең өтеді. Мемлекет басшысы қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, осы елдің бірқатар бизнес капитанымен келіссөз жүргізуді де жоспарлаған.


Олжас Берікбай

Бөлісу