Премьер-Министр: Қосымша құн салығы көтерілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр: Қосымша құн салығы көтерілмейді

13.02.2024

Елімізде қосымша құн салығы көтерілмейтін болды. Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеді. Ол жауапты министрлерге бюджетті толтырудың басқа жолдарын табуды тапсырды.

Айя Мүтәлі, тілші:

Әр сейсенбі сайын өтетін Үкімет отырысы бүгін Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтті. Басқосуда ең әуелі 4 жаңа министр ант қабылдады. Олар Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов. Ал жалпы отырыста әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет мәселері қаралды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің жаңадан жасақталған Үкімет мүшелеріне қояр сұрағы да көп екен. Биыл экономика өсімін 6 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын және бұл бағытта нақты қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады. Ұлттық экономика министрі үш салаға басымдық берілетінін айтып отыр. Біріншісі, мемлекеттік шығындарды толық игеру, одан кейін құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларына инвестиция тарту. Үшіншісі, шағын және орта бизнесті дамыту. Сонымен бірге, Нұрлан Байбазаров негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін 22 трлн теңгеден түсірмеуге талпынатынын жеткізді. Алайда, Премер-министр бұл жауапқа қанағаттана қоймаған секілді. Министрге экономиканы дамыта түсудің жаңа жоспарын әзірлеуге бір ай уақыт берді. Ал Қаржы министрінен Олжас Бектенов “Мемлекеттік бюджетті арттыру үшін қандай шаралар қабылдайтын сұрады. Мәди Тәкиев ірі салық төлеушілерге әкімшілік жауапкершілік күшейтілетінін және салық база цифрландырылатынын жеткізді. Тағы бір жаңалық, Олжас Бектенов Қосылған құн салығы көтерілмейді деп кесіп айтты. Қос жаңа министрге бюджет кірісі мен шығысын қайта жоспарлауды міндеттеді. Жалпы бүгін отырыста көтерілген мәселе де, премьер-министрдің Үкімет мүшелеріне берген тапсырмасы да аз емес.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу