Түркістан облысында қазандық операторлары мен күзетшілер қосымша төлемақы даулап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қазандық операторлары мен күзетшілер қосымша төлемақы даулап жүр

12.02.2024

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы 71-ші мектептің күзетшісі мен қазандыққа от жағушысы демалыс пен мереке күндерінде істеген жұмысына төленетін қосымша жалақыны даулап жүр. Аудандық білім бөлімінің есепшілері еңбек заңын бұрмалап, бұл қаржыны біріне беріп, көпшілігінен жасырып қалған, - дейді жұмысшылар.

Мереке мен демалыс күні болсын Ерболдың жұмысы тоқтаған емес. Биыл Жаңа жыл мерекесін осы қазандық басында өткізді. Бірақ от жағушы болған 8 жылдың ішінде мұндай атаулы күндері атқарған жұмысына ешқандай қосымша қаржы алған емес.

Ербол Хамитов, қазандық операторы:

Директорға кіріп сұрадым. Оператормен келісімшарт болуы керек екен. Сол бойынша ай сайын бұйрық шығарып табель өткізесіз. Сол бойынша сыйақы аударылуы керек екен десем. Мен заң бойынша істеп жатырмын. Одан артық заң жоқ деді.

Қосымша төлемақыдан қағылған жалғыз Ербол емес. Қазығұрт ауданындағы 71 мектептің қазандық операторы да мұндай қаржыны ешқашан алмаған. Бұл топта бұл білім ұяларының күзетшілері де бар.

Бекжан Найманбаев, күзетші:

Еңбек инспекциясынан жауап келіпті. Мереке, демалыс күндеріне төленуі керек екен. Бірақ сонда да мына жақ үнсіз отыр. Сонда жіберген қателіктерін кім түзетеді. Қарауыл мен от жағушылардың не кінәсі бар.

Аудан бойынша жалақыға қосымша қаржы тек Ащыбұлақ мектебінің қазандық операторына ғана беріліп келген. Көзі ашық азамат еңбек заңдылығын алға тартып, тиесілі ақыны өзі даулап алған. Енді мұнан көпшілік хабардар болғанннан кейін аудандық білім бөлімі демалыс күндеріне төленген ақыны мемлекетке қайтар деп даулай бастады.

Сәрсенбай Шегебаев, қазандық операторы:

Заңды білмесе олар, менің не айыбым бар? Заң тексерісін, сотқа берсінғ прокуратура тексерсін. Сонан соң соттан шешім келсе төле деген, төлеймін, амал жоқ.

Білім бөліміндегілер еңбек заңдылығындағы бұл талаптарды жуырда ғана білген. Онда да еңбек инспекциясына хат жазып, сұрап алыпты. Заң бойынша демалыс күндері есепке алынбайды, тек мерекеде қосымша төлем жасалуы тиіс деген жауап алған.

Нұрахмет Жамалов, аудандық білім бөлімінің бас есепшісі:

Мекеменің басшысы ақылдасып, алдыңғы айларға зерделеу жасап қай айда, қайта мереке күніне кім түскенін анықтауға болады. Өздерінде бар. Сол күндерге бұйрық шығаратын болса оны төлеп береміз.

Осылайша аудандық білім бөлімі мектептерді тағы бір заңсыздыққа итермелеп отыр. Білім ұяларының басшылары бұл бұйрықты өткен кеткен жылдардың мерзімімен қалайша шағаратынын білмей дал.


Хабарламаларға жазылу