Су спортынан алтын жүлдегерлер елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су спортынан алтын жүлдегерлер елге оралды

12.02.2024

Алғаш рет су спортынан алтын жүлде иегерлері Эдуард Ким мен Наргиза Болатова елге оралды. Олар Катар астанасы Доха қаласында өткен сайыста жұптық техникалық бағдарламада чемпион атанған.

Ел абыройын асқақтатқан спортшыларды алматылықтар әуежайдан сән-салтанатпен күтіп алды. Ұлттық құраманың қос спортшысы финалда жоғары ұпай жинап, төрешілер бағдарлама қиындығы жағынан олардың өнерін жоғары бағалаған. Бұл Қазақстан атлеттерінің су спорты түрлерінен әлем чемпионатында қол жеткізген алғашқы алтын медалі. Бұған дейін Эдуард Ким Жапонияда өткен әлем біріншілігінде техникалық бағдарламада қола медаль жеңіп алған болатын.

Эдуард Ким, су спорты түрлерінен әлем чемпионы:

Наргиза екеуміздің бірге жаттығып жүргенімізге тура бір жыл болды. Қазір нәтижеміз жаман емес. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға барымызды саламыз. Қазір микс-дуэтті олимпиада ойындарына қосу мәселесі көтеріліп жатыр. Олай болған жағдайда 2028 жылғы Олимпиадада ел намысын қорғаймыз деп ойдамын.

Наргиза Болатова, су спорты түрлерінен әлем чемпионы:

Жеңіс оңай келген жоқ. Бұл тынымсыз әрі ұзақ жаттығудың нәтижесі. Шынымды айтсам, әлем чемпионы боламыз деп ойламадым. Әрине, осы жетістік үшін барымызды салдық. Әнұранымыз шырқалған сәттегі сезімді жеткізу мүмкін емес. Мұнымен тоқтамаймыз. Биыл Будапештте өтетін Әлем Кубогына қатысуды жоспарлап отырмыз.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу