Ақпандағы ауыс-түйіс: жаңа Премьер-министр, жаңарған Үкімет, Президент тапсырмалары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақпандағы ауыс-түйіс: жаңа Премьер-министр, жаңарған Үкімет, Президент тапсырмалары

11.02.2024

21 министр мен премьер-министрдің 4 орынбасары жұрт бәрібір үміттеніп отырған жақсы жаққа тартып, батыл және сауатты қадамдар жасауға кірісті деген үмітпен Президенттің кеңейтілген отырыста берген тапсырмаларына келсек, Мемлекет басшысы әңгімені салықтан бастады.

Сарапшылар субсидиялар мен салық жеңілдіктері берілмеуі керектерге беріліп жүргенін айтады. Ешқандай жеңілдікке, қандай да бір көмекке зәру еместердің әсіресе, бәрі жолға қойылған,қазба байлықтарды өндірумен айналысатындар екені айтпаса да түсінікті. Данияр Қайыртай тарқатады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент алдымен бюджетті бөлу тәртібін сынға алды. Себебі «қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады да, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалып қояды». Үкіметтің ақшаны дұрыс жарата алмағаны оны жарытып таба алмауынан да болуы мүмкін. Салық саясаты деген оның мөлшерлемесін өсіріп қойып, қол қусырып отыру емес қой?!

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Салықты жайдан жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен, салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек.

Енді жаңа Үкімет былтырдан бері жазылып, қабылдануға шақ тұрған Салық кодексін қайта жазып шықпақ. Құжатта бюджетке қаржы түсіру амалы ғана емес, инвесторлардың, яғни бизнес қауымдастығының да мүддесі ескерілуі керек. Расында, қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтергеннен көлеңкелі экономика үлесі артып, инфляция өсе беретінін біз сұхбаттасқан қаржы сарапшылары да айтты.

Талант Қалиева, қаржыгер:

Қосылған құнды экономикаға шын мәнінде артықшылықтар әкеліп жатқан нәрсеге ғана, сол салаларда ғана қосу керек. Бір жерден бір жерге апарып бірдеңені сатқанға емес, экономикалық мәні бар процестер мен активтерге қосу керек.

Экономист Қайырбек Арыстанбековтың айтуынша, қазір мемлекет шикізат экспорттайтын компанияларға қосылған құн салығын бюджеттен өтеп береді. Жаңа салық кодексінде мұны да өзгерту керек дейді.

Қайырбек Арыстанбеков, экономикалық саясат институтының директоры:

Мысалы, шикізаттық емес сектор экспортқа барса, мысалы, өңдеу өнеркәсібі, оларға қосымша құн салығын қайтарып беруге болады бюджеттен. Ал шикізатты шығарғандарға, оларға да қайтару керек, бірақ 100 пайыз емес, жартысын, ең болмағанда. Сонда біз өңдеу өнеркәсібін дамытуға жағдай жасар едік.

Салық жеңілдіктерін беру ережесіне де ашықтық пен нақтылық жетіспейді. Президент келтірген мәлімет бойынша, жеңілдіктердің кесірінен бюджет жыл сайын шамамен 7 трлн теңгеден қағылып отыр. Кейінгі 5 жылда 30 трлн тг кем түскені туралы да дерек бар. Ал сарапшылар бұл сома одан да көп болуы мүмкін дейді.

Талант Қалиева, қаржыгер:

Кез келген қаржы салушы ол, әрине, салығын жеңілдеткенін қалайды. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланады. Заң жүзінде ережелер жазылған қиын болса да, күрделенген болса да. Бірақ қазіргі ашық мәліметтерден бұндай жеңілдіктер соған сай беріліп жатыр деп ату қиын. Себебі ондай жеке мәліметтер жоқ.

Мұндай мәліметтерді салық жүйесін толық цифрландырғанда көре бастауымыз мүмкін. Содан болар, Президент кезекті рет қазыналық органның ақпараттық архитектурасын қалыптастыруды тапсырды. Соңғы рет былтыр наурызда жаңадан сайланған парламенттің алғашқы сессиясында айтқаны есте. Содан бері өзгеріс болғаны шамалы. Тіпті, 12 жыл бойы әзірленіп келген жаңа ақпараттық жүйелердің пайдасын көрмей отырмыз деп сынады Президент.

Яхия Төлешов, Электрондық қаржы орталығының басқарма төрағасы:

Технологиялық өзгерістерге байланысты жобаның құрылымы көп рет өзгеріске ұшырады. Сол өзгерістерге байланысты кейбір элементтер алынып тасталды, дегенмен сол системалардың екеуі қазір толыққанды жұмыс істеп отыр. Қалған жүйелерді ақпараттық қауіпсіздік жағынан тексерістен өтіп, енді биылғы жылы енгізілуге дайындалып жатыр.

Ылғи сөз болатын тағы бір мәселе – инвестиция. Осы жолғы спичінде Президент «инвестиция», «инвестор» деген сөздерді 40 рет айтқан. Себебі негізгі капиталға салынатын қаражаттың ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатыр. Ал Үкімет осыны жасыру үшін реинвестициядан түскен қаражатты тікелей шет ел инвестициясы туралы статистикамен сапырыстырып беруге әуестеніп алған.

Ернар Серік, Экономикалық зерттеулер институты сауда саясаты орталығының директоры:

Қазір шетелден келіп жатқан инвестицияның көбі реинвестиция болып табылады. Ол бұрын салынған, баяғыдан жасап келе жатқан инвесторлардың бізге қайтадан салып жатқан ақшасы. Біздің елге инфраструктуралық проблемаларды, ЖКХ, ТЭЦ сияқты инфраструктуралық проблемаларды шешу үшін инвестиция өте қажет.

Риззат Елубаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Ең маңызды факторлардың бірі – аймақтық және мемлекеттік органдардың үйлесімділігі болмауы. Мысалы, бір жағынан инвесторды көндіріп алып келсе, екінші жағынан іліп әкетіп, оны аймақтарда іс-әрекет жасауы түрлі себептерге, қолдан жасалған кедергілерге байланысты тоқтап қалады.

Әкімдіктер инвесторды әуре-сарсаңға салатынын, соның кесірінен жобалар тоқтап қалатынын Мемлекет басшысы да айтты. Сондықтан енді жергілікті биліктің жұмысы қаншалықты инвестиция тарта алғанымен де өлшенбек.

Риззат Елубаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Аймақтар өзінің ішкі экономикалық мәселелеріне тұйықталып қалды да, ал үлкен инвесторлармен жұмыс жасау тәжірибесі барлық аймақта бірдей деп айта алмаймыз. Оны да мойындауымыз керек. Сондықтан аймақтардың да инвесторлармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту бойынша да жұмыс атқару керек.

Инвесторды мемлекет пен жекеменшік әріптестік жобасы бойынша да тартуға болады. Бірақ бұл бастама аясындағы жобалар негізінен әлеуметтік салаға енгізіліп жатыр, дейді президент. Мәселен, қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 764 жоба жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Соның 551-і – әлеуметтік салаға, қалған 213-і экономиканың нақты салаларына қатысты жобалар.

Талғат Тұрсынбаев, Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының департамент директоры:

Әлеуметтік саладан жүзеге асырылып жатқан жобалар басымырақ. Ол рас. Өйткені МЖӘ саласына заң қабылданғалы ең бірінші мақсаттың бірі – әлеуметтік инфрақұрылымдағы кейбір кемшіліктерді жою болып табылатын.

Бұдан былай жобаларды мемлекет үшін де, кәсіпкер үшін де тиімді шарттар негізінде іске асыру тапсырылды. Ал жалпы экономикаға мемлекеттің араласуын біртіндеп азайта түсуге күш салынбақ. Экономиканы либерализациялау ғой баяғы. Бұл жайлы айтылып келгелі қашан. Енді сол міндет Бектенов бастаған Үкіметке жүктелді.

Нұрболат Құрметұлы, Экономикалық зерттеулер институты өмір сапасы орталығының директоры:

«Мемлекет нашар қожайын» деген сөз бар ғой. Осыған дейін экономикаға аса маңызды ірі-ірі салалардың белгілі бір элиталардың қолында болуына байланысты ол салаларда бәсекелестік көп дамымаған болды. Ал бәсеке болмаған жерде ұсынылатын өнімнің сапасы да төмен болады. Ең бастысы приватизация кезінде барлығы ашық, нақты осы істі жүргізе алатын менеджерлерге, ұйымдарға берілуі керек бұл объектілер.

Риззат Елубаев, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Үкімет реформаны бірінші «Самұрық-Қазынаның» өзінен бастау керек. Содан кейін ғана біртіндеп мәселе орнынан қозғала бастайды. Енді бір жақтан түсінуіміз керек, мемлекеттің өзінде бұған қарсы күштер бар. Өйткені бәсекеге түспей, қаражатқа ие болу ең оңтайлы жол ғой. Ешкім мұндай механизмнен айрылғысы да келмейді.

Президенттің жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға тиіс үкіметтің нақты межесі – алдағы 5 жылда экономика үлесін 450 млрд долларға жеткізу. Былтыр бұл көрсеткіш, кей дерек бойынша, 260 млрд доллар болған, демек шамамен екі есе өсіру міндеті тұр. Ол үшін экономика жыл сайын жоқ дегенде 6 пайыздық өсім көрсетуі керек. Бірақ ол өсім қағаздағы динамикалық сызбалардан, макроэкономикалық статистикадан емес, әрбір азаматтың өмір сапасынан көрінуі тиіс секілді.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу