Семейде өртенген сауда орнының кәсіпкерлері үкіметтен көмек сұрап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде өртенген сауда орнының кәсіпкерлері үкіметтен көмек сұрап отыр

09.02.2024

Семейде өртеніп кеткен сауда орнында жұмыс істеген кәсіпкерлер үкіметтен көмек сұрап отыр. Бір күнде барынан айырылған мыңдаған бизнес өкілдері банктерге белшеден қарыз. Не жұмыссыз, не табыссыз қалған жұрт енді қалай жан бағамыз?- деп алаңдаулы. Саудагерлердің ішінде жарты миллиард тұратын тауарынан айырылғандар да бар. Өңірден Ержан Жақыптың материалы.

Ержан Жақып, тілші:

7 мың шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан ірі сауда орнының іші қазір толықтай күлге айналған. Жапсарлас салынған 3 қабатты ғимараттың шатыры ортасына түскен. Өрт басталған күннен бастап бұл жерді құқық қорғау қызметінің мамандары қоршауға алып күзетіп тұр. Бөгде адамдарға кіруге болмайды. Өйткені ғимараттың ішінде сараптама жүргізіліп жатыр.
Сауда орталығында 1 мыңнан астам кәсіпкер орындарды жалға алып жұмыс істеген. Тілсіз жау олардың түгелін әп сәтте-ақ түксіз қалдырды. Зардап шеккендердің дені 100 миллионнан бастап, 500 миллион теңгеге дейін шығынға батқан.

Ақмарал Жабағина, кәсіпкер:

Менің алтынымының құны 300 миллионға алтын товарым жоқ. Сейфта 60 миллион ақшам жанып кетті. Кішкене алтындарымды таптым бірақ бәрі балқып кеткен. Солай кіруге бізге әлі мүмкіндік бермей тұр. Мүмкіндік берсе қазып кішкене алар едік. Шығынымыздың орны кішкене жабылса да. Үкімет тарапынан көмек болса. Мына сауда үйімізді қалпына келтіруге көмектессе.
Арайлы Елубекова, кәсіпкер:

Барлығы, түгел өртеніп кетті. 4 бутигім болды менің. Үлкен-үлкен 100 квадраттан. Қаншама ішінде тауар болды. 500 миллионға шығар. Ендігі біздің үмітіміз, бізге сауда орталығын қайтадан салып берсе деген. Қайта салып берсе, біз қайтадан жұмыс істей бастасақ.
«Ақшың» сауда орнының иесі Марат Құрманбай да қыруар шығынға батып шарасыз күйде қалдым дейді. Талай әлеуметтік мәселенің шешілуіне қаржылай атсалысып келе жатқан кәсіпкердің өзі де қазір көмекке зәру.

Марат Құрманбай «Ақшың» сауда орталығының иесі:

Халыққа бір қамқорлық қорын ба, бірдеңе ашып сол арқылы көмектесеміз ба деп отырмыз. + Мен енді кейде ойлаймын, қастандық жасалды ма дегендей. Өйткені мүмкін емес ондай болуға.
Сауда орталығында өрттен аман қалған бірен-саран бутиктер де бар көрінеді. Ондағы дүниелерін иелері алу үшін полиция рұқсат берген. Бірақ қазір ғимаратқа ешкім кіре алмайды. Онда мамандар мұқият жұмыс істеп, өрттің шығу себебін анықтауға тырысып жатыр.

Әділбек Мұсабаев, Абай облысы әкімінің орынбасары:

Қанша шығын келгені сараптамадан кейін белгілі болады. Содан кейін барып, кәсіпкерлерге қалай көмек берілетіндігін айтамыз. Арнайы комиссия құрылды. Құрамына әкімшілікпен қатар полиция, кіріс департаменті, прокуратура сынды органдар енген. Заң шеңберінде көмек беруді ойластырамыз.

Қазір Қазақстанның сауда кәсіпорындары ассоциациясы қор құрып, зардап шеккендерге қаржылай көмек жинай бастаған.



Хабарламаларға жазылу