«Ешкім ақшаны орынсыз шашпауы керек». Премьер-министр Олжас Бектенов құрамы жаңартылған Үкімет мүшелерінің басын қосты. Қаржы министрлігіне 10 күн ішінде республикалық бюджетке және 1 ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына тексеріс жүргізіп, артық шығындарды қысқартуды тапсырды. Сонымен қатар Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның құрылымын өзгерту керектігін айтты. Үкімет басшысы вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен және өндіруші саладағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуге тапсырма берді. Өйткені олар жуық арада өңдеу өндірісі бойынша жаңа жоспар ұсынулары қажет. Жиын барысында өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен қамтамасыз ету жайы талқыланды. Одан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу үшін алдағы бір айда инвестиция тарту жөніндегі ұсыныс әзірлеуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Үкімет алдына жаңа экономикалық бағдарды іске асыру жөнінде нақты міндеттер қойылды. Бұл міндеттерді іске асыру бойынша мемлекет басшысы айтып өткен барлық 10 бағыт бойынша экономиканы дамытуға арналған ұзақ мерзімді кезеңге арналған жүйелі пайымын тұжырымдау қажет. Өсу қарқынын тиімді ұлғайту экономиканы әртараптандыру, инвестицияларды тарту және барлық салалық проблемаларды шешу үшін Үкіметке жетклікті өкілеттіліктер берілген. Министрлер өз бетінше шешім қабылдай білуі тиіс.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТР: МӘМС ЖҮЙЕСІНЕ РЕФОРМА КЕРЕК
Премьер-министр көпшілікті толғандырған МӘМС мәселесіне де тоқталды. Жүйені реформалау керектігін және сала толық цифрландыру мен ашықтықты талап ететінін атап өтті. Жиынды қорытындылай келе Үкімет басшысы бұдан былай жұмыс қарқынды, ал талап қатаң болатынын ескертті.