Ақтөбе облысында 653 жолаушы эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 653 жолаушы эвакуацияланды

09.02.2024

Ақтөбе облысында қарлы боранның салдарынан эвакуацияланғандардың саны 653-ке жетті. Жылыту бекеттерінде 819 адам бар.

Облыс бойынша 5 елді мекен әлі тоқ көзіне қосылмаған. 500 абонент жарықсыз отыр. Жауапты мекеме өкілдері Ақтөбе қаласында мәселе толығымен шешілді деп есеп берді. Алайда, жекелеген көп қабатты үйлер мен саяжай аумақтарында тұратын 400-ге жуық шаңырақ үшінші тәулік жарықсыз, жылусыз отырмыз деп шағымданды. Көбінің барар жері жоқ. Шаһар бойынша сусыз отырған аудандар да бар. Дегенмен бұл мәселе қазір шешілуге жақын.

Нұрлан Нәжімов, қала тұрғыны:

Қыстың көзінде мынау. 5 баламыз бар. Су жоқ не свет жоқ.Отопление, агв воовще тартпайды.

Қазір облыс бойынша 2 775 көлік сапарын жалғастыра алмай, тоқтап тұр. Олардың негізгі бөлігі Ақтөбе, Хромтау қалалары мен Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында шоғырланған. Полицейлер, құтқарушылар мен әскерилер 7-ші ақпаннан бері қар құрсауында қалған 160 адамды құтқарды. Оның 17-сі бала, жетеуі жүкті әйел, алтауы шет ел азаматы. Авариялық құтқару жұмыстарына 90 техника, 240 адам тартылған. Қазір облыс аумағында «Ақтөбе-Хромтау-Қарабутақ» жол учаскесі ғана жабық. Жолдарды тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Ал электр желілеріндегі ақауды жоюға облыс бойынша 35 бригада жұмылдырылды.

Ержан Жексенбинов «Энергосистема» ЖШС бас директоры:

Хромтау ауданында соңғы бейнехабар бойынша 3 ауылда, Әйтеке биде өздеріңізге айтқандай, екі ауылда қазір свет жоқ. Тағы шағымдар болып жатыр. Ол жеке шағңымдар, мысалы, мөлтек аудандарда кейбір үйлер қосылмаған болуы мүмкін.


Хабарламаларға жазылу