Ұлыбританияда бір реттік вейпке тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда бір реттік вейпке тыйым салынады

09.02.2024

Ұлыбритания бір реттік электронды темекілерге тыйым салмақшы. Биліктегілердің пікірінше, балаларға вейп сатуға рұқсат етілмегенімен мектеп жасындағылар оны жаппай шегіп, тәуелділікке түсіп жүр.

Бір реттік электронды темекіге құмар балалардың саны соңғы 3 жылда 3 есеге артқан. Қазір 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9 пайызы вейп шегеді.

Ронни Чанг, балалар дәрігері:

Біз өкпесі сыр беріп, жансақтау бөліміне түскен оқушыларды да көрдік. Вейптің денсаулыққа тигізетін кері әсері әлі толық зерттелген жоқ.

Үкімет тыйым салу шараларын жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдары мен шекара қызметіне жылына қосымша 30 миллион фунт бөлуді ұйғарып отыр. Жаңа заң келер жылдың басында күшіне енеді.

Риши Сунак, Ұлыбритания премьер-министрі:

Біз балалардың вейпке тәуелді болғанын қаламаймыз. Өскелең ұрпақтың денсаулығын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді шаралар кешенін қабылдамақпыз.

Мамандар пластиктен жасалған бір реттік вейптер қоршаған ортаны ластайды деп отыр. Сауда бірлестіктері болса, тыйымнан кейін қара нарық пайда болатынын, ал вейп шегу арқылы темекіні қойғысы келіп жүргендер шылымқорлыққа қайта оралуы мүмкін екендігін айтады.

Марина Бекенова, тілші:

Көптеген елде вейп шегудің қатаң шектеулері енгізілді. Қазақстанда да оған толық тыйым салынбақ. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 88 елде вейптер балаларға қолжетімді, 74 елде электронды темекі туралы заң жоқ.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу