АҚШ-та фентанилден күн сайын кемі 190 адам көз жұмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та фентанилден күн сайын кемі 190 адам көз жұмады

09.02.2024

АҚШ-та фентанил препаратына тәуелділік жыл сайын мыңдаған адамның өмірін қиюда. Бір жылда 110 мыңнан аса америкалық осы дәріден уланып көз жұмған. Ең қауіптісі қылмыстық топтар бұл аса қуатты синтетикалық опиоидты есірткі орнына пайдаланып, жастар арасында жаппай сатуға кіріскен. 

Фентанил ауыр дене жарақаты не рак секілді дерттердің азабын басуға арналған. Бірақ, халық оны жеңіл желпі сырқаты үшін де қолданса керек. Ал препарат героиннен елу, морфиден жүз есе күшті. Небәрі 2 миллиграмының өзі ажалға себеп. Салдарынан 2022 жылы 112 мың адам шамадан тыс мөлшерін пайдаланып қойып көз жұмған. Ал оған есірткі секілді тәуелді болып қалған жандардың қатары бұдан бірнеше есе көп. Сондықтан штаттар жаппай фармацевтикалық компаниялар мен дәріханалар желілерін сотқа беріп, қомақты өтемақы өндіріп алды. Мәселен, дәрі өндіруші «Johnson & Johnson» компаниясы бір Вашингтон штатына 150 миллион доллар төлейтін болды.

Джун Робинсон, Вашингтон штатының сенаторы:

Бұл шара өкінішке орай, біз жоғалтқан адамдарды қайтара алмайды. Бірақ, бұл ресурстар бізге есірткіге тәуелді болып қалған адамдарды сауықтыруға көмектеседі. Болашақта осындай тәуелділік пен дағдарыстардың алдын алуға жәрдемдеседі.

Десе де халық көбіне фентанилдің шетелден заңсыз жеткізілетін түрлерінен ажал құшып жатыр дейді есірткіге қарсы күрес құрылымының өкілдері. Себебі, осы кезге дейін тәркілеген әрбір 10 таблетканың 7-де өлімге соқтыратын артық мөлшері бары анықталған. Елді жаппай құрсап алған қатерлі препарат мәселесіне қатысты Конгресс арнайы тыңдау өткізді. Сенаторлардың алдында бұрын өзі есірткі сатқаны үшін он жыл түрмеде отырған, қазір нашақорлықпен күрес ұйымына жетекшілік ететін рэпер әнші Джели Ролл де куәлік берді. Белсендінің айтуынша, АҚШта күн сайын кемі 190 адам фентанилдің шамадан тыс мөлшерін пайдалану салдарынан көз жұмады.

Джели Ролл рэпер әнші:

190 адам дегеніміз 737 бойнг ұшағындағы жолаушылар санымен пара пар деген сөз. Енді елестетіп көріңіз, күн сайын бір ұшақ апатқа ұшырап жатқандай. Бірақ, бақ өкілдері есірткіден көз жұмғандардың мәселесіне жеткілікті назар аудармайды. Себебі Америка нашақорларды сөккенімен олардың тәуелділігінің нақты түп-тамыры қайта жатқанын түсінуге тырыспайды.

Республикашылдар ел президентін фентанил контрабандасын тоқтата алмады деп сынға алды. Себебі, шекарадағы бақылаудың әлсіздігі заңсыз есірткі тасымалына жол ашып отыр. Былтыр АҚШ-та 78 миллионнан астам жалған фентанил таблеткасы тәркілеген. Сенаторлар опиоид құрбандарының саны Ирак, Ауғанстан және Вьетнамдағы соғыстан қаза тапқандардан да асып түскенін айтады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Ең қауіптісі есірткіден әлдеқайда арзан бірақ, тұтынушыны тез тәуелді ететін синтетикалық опиоидтарға мектеп оқушылары да оңай елітіп, соңы өлімге соқтырып жатыр. 2021 жылы есірткіден қайтыс болған жасөспірімдердің 77% осы препараттан уланғаны анықталған. Сондықтан АҚШ Сенаты фентанил және басқа да заңсыз опиоидтерды таратушылармен күресті күшейтетін арнайы заң қабылдамақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу