Қарағанды облысында жылқы арасында індет тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында жылқы арасында індет тарады

09.02.2024

Қарағанды облысының Төрткөл ауылында жылқы малы арасынан эпизоотиялық лимфангитке ұқсас індет тарай бастады. Қазір ауыл тұрғындары ауырған малдың бейнесін жан-жаққа таратып, жәрдем сұрап отыр. Еске салсақ, Төрткөлге көршілес Үміткер ауылында осы індет салдарынан өткен жылдың мамыр айында енгізілген шектеу әлі алынбаған. Басқаша «африкалық сап» деп аталатын кесел тек жұмыр тұяқты жануарларға жұғады. Індеткен шалдыққан жылқы денесін ірің жайлап, жүріп-тұрудан қалады. Мамандар инфекциялық індеттің дәрісі әлі табылмаған деп отыр. Бүгінгі таңда Төрткөл ауылындағы ауырған малдардан сынамалар алынып, зертханаға жіберілген.

Қайырбек Тұрсынбеков, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Ауырып тұрған 3 бас жылқыдан эпизоотиялық лимфангит белгілері анықталды. Сынамалар алынып, зертханаға жеткізілді. Зерттелу жұмыстары жүргізілуде. Егер зертханамен линфагит анықталған жағдайда елдімекенде карантин белгіленіп, карантин аясында ауырған, өлген жылқылар жойылып, мал иесіне заңнамаға сай нарықтық бағамен өтемақы төленетін болады.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу