Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

07.02.2024

Пайдасыз презентациялар мен жөнсіз жиындарды доғару керек! Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, министр мен әкімдерге жұмысын түбегейлі өзгертуді тапсырды. Яғни, Үкімет сөзден нақты іске көшуі керек. Өйткені ел экономикасына қауіп төніп тұр деді мемлекет басшысы. Әрі оған қарсы тұру үшін басым бағыттарды белгілеп, аймақ әкімдерін сынға алды. 

Премьер-министрдің тағайындалып, министрлер кабинетінің жасақталғаны кеше. Бүгін Үкімет үйінде нағыз қарбалас. Журналистер, ескі де, жаңа министрлерден бөлек, аймақ әкімдері тегіс осында. Өйткені президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, былтырғы жұмыстарды қорытындылады, алдағы басым бағыттарды айқындап берді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі.

Президент айтқан мақсат 2029 жылға қарай ел экономикасының көлемін 450 миллиард долларға жеткізу. Қазір оның мөлшері 197 миллиард. Жалпы ішкі өнімді 5 жылда екі еседен аса арттыру үшін жыл сайын экономика кемі 6 пайыз өсім көрсетуі тиіс.

ПРЕЗИДЕНТ САЛЫҚ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУДІ ТАПСЫРДЫ

Бірақ қазіргі экономикалық жағдайда ол мүмкін емес. Салада проблема шаш етектен. Мәселен елімізде бюджет дұрыс жоспарланбайды. Тапшылық соңғы 5 жылда 11 триллион теңге. Қаржы жетпеген соң үнемі Ұлттық қорға қол жаямыз. Сондықтан бюджеттік түсімді арттыру үшін жаңадан Салық кодексі әзірленіп жатыр. Қосымша құн салығын 12-ден 16 пайызға көтеруді көздейтін құжат бүгін мемлекет басшысының сынына ұшырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Салықты жайдан-жай көбейте салуға болмайды. Ең алдымен салық салу жүйесін реттеп, оны жетілдіру қажет. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы барынша азайту керек.

Яғни, салықты көтеру қазынаны қампайтқанымен, кәсіпкерлерге, инвесторларға тиімсіз. Көлеңкелі экономиканы арттырып, инфляцияны шарықтатып жіберуі мүмкін. Сол үшін салық салу жүйесі қайта қаралмақ. Әрі саланы толық цифрландыру керек. Бірақ бұл ретте сұрақ көп. Мәселен Кірістер комитетінде 14 ақпараттық жүйе бар. Бірақ миллиардтарға жасалған дүниеден пайда жоқ. Кейбірі істемейді дейді мемлекет басшысы. Сондықтан алдағы уақытта IT аудит жүргізілмек.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ұлттық экономика министрі:

Бізге тапсырма берілді. Біз бұл жұмысты қайтадан қарастырып, қосымша құнға салынатын салықтың механизмін қайтадан қарастыратын боламыз.

ҮКІМЕТКЕ ИНВЕСТИЦИЯНЫ АРТТЫРУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Тағы бір маңызды міндет - инвестиция тарту. Бізде инвесторларға жағдай жасалған, жұмыс істеу қолайлы деп ұрандатқанымызбен, инвестиция көлемі азайып барады. Бұл экономикамыз үшін өте қауіпті деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан бұдан былай пайдасы жоқ презентация мен іс-шараларды өткізудің қажеті жоқ. Нақты іске көшу керек. Әсіресе әкімдер.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әкімдер инвестиция тартудың орнына ескі әдетке салып, бюджет қаражатына сеніп отырады. Ал аймақтарға барып, жұмыс істегісі келетін инвестор көптеген тосқауылға тап болады. Жергілікті билік көп жағдайда ешқандай әрекет жасамайды не болмаса инвесторды әуре-сарсаңға салады. Соның кесірінен кәсіпкер жобасын кейінге шегереді.

Сондықтан мемлекет басшысы елімізге 50 миллион доллардан астам ақша құйғысы келетін инвесторларға енді "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсетілуі керек деді. Ал инвестиция тарту үшін шетелге барған шенеуніктер бұдан былай әрбір сапары үшін есеп бермек. Әрі министр мен әкімдердің жұмысы инвестиция тартуына сай бағаланбақ. Бұдан бөлек, мемлекеттің бизнеске араласуын доғару керек-деді президент. Өйткені бағаны шектеу, реттеу секілді дерективті тәсілдер кәсіптің еркін тыныстауына кедергі. Осындай әрекеттің кесірінен елде жиі бензин тапшылығы болатыны белгілі.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы:

Бізде үкімет жейтін нанның, құйылатын бензиннің я шығатын газдың бағасын анықтап, болмаса осыдан жоғары болмауы керек дегені Қазақстан азаматтарына тиімді шығар. Бірақ біз осыны өндіріп отырған болмаса осыны шығарып отырған өндіру компанияларын қандай жағдайға қалдырып отырмыз. Мысалы нан өндіру құны 150 теңгеге шықса шығыны оған билік 110 теңгеге сат десе ортасындағы 40 теңгені қалай толтырмақ? Субсидия дейтін болса, ол да алдамшы.

Мемлекеттік сатып алу саласы да былыққа толы. Президент оны барынша ашық, әділ қылуды әрі, саннан гөрі сапаға мән беруді тапсырды. Мемлекет пен жекеменшік серіктестік жобасы аясында да бармақ басты көз қысты әрекеттер көп. Жаңарған Үкімет кұрылыс саласына да көңіл бөліп, сапаны бақылауды күшейтуі керек. Жемқорлықпен күрес, заңсыз шығарылған активтерді қайтару ісі жанданады. Бірақ кәсіпкерлерге жөнсіз қысым көрсетуге жол жоқ деді президент. Ал жиын бойы тапсырмаларды қағазына түртіп отырған Үкімет басшысы барын салатынын айтып уәде берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Ауқымды тапсырмалардың бәрі мүлтіксіз орындалатын болады. Жаңартылған Үкіметтің құрамы оған дайын. Мәселелердің сәнінен гөрі мәніне мән береміз. Нақты іспен айналысамыз. Нәтиже болады деп уәде беремін.

Досжан Маратұлы, тілші:

Осылайша президент жаңадан жасақталған Үкіметке басым бағыттарды айқындап берді. Енді әкім, министрлер нақты, жедел, батыл әрекет етуі керек. Өйткені сөзден іске көшетін кез әлдеқашан келген деді мемлекет басшысы. Сондықтан Үкімет жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгеруі керек. Тапсырманың орындалуын президенттің өзі жіті қадағаламақ.

Хабарламаларға жазылу