Қоғамдық қорғаушылар тергеу изоляторларына телефон алып өтпек болған. Астананың тергеу изоляторында жедел бөлімнің қызметкерлері бейнебақылау арқылы қоғамдық қорғаушының ұялы телефоннан бөлек, құлаққап, екі SIM-карта мен қуаттағышты тергеу изоляторына алып кіру фактісін анықтады. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемесінде қызметкерлер қоғамдық қорғаушыны тексерген кезде аяқ киімінен телефон мен SIM-карта тапты.
Қазір қоғамдық қорғаушыларға қатысты әкімшілік материалдар тіркелді. Сондай-ақ сотталғандарды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін материалдар толтырылды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар мен бұйымдарды бергені үшін ескерту немесе он АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткен жөн.Сонымен қатар қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес тергеуші қоғамдық қорғаушы мәртебесін алу туралы қаулының күшін жоюға құқылы.
Аида Ахметбек