Түркістан облысында оқушылар мен мұғалімдер жаппай уланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында оқушылар мен мұғалімдер жаппай уланды

06.02.2024

Түркістан облысында бір мектептің оқушылары мен мұғалімдері жаппай уланып қалды. Бұл жағдай Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылында болған. Өткен сенбі күні Майлықожа атындағы мектепте әктеп-сырлау жұмыстары жүргізіліп, оны мұғалімдер мен кіші қызметкерлер атқарған. Ал сабаққа келген балалардың бастары ауырып, өткір иіске уланған. Жедел жәрдем шақыртылып, 30-ға жуық оқушы мен 10 мұғалім ауруханаға жеткізілді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілген. Екі мұғалім ауруханаға жатқызылды. Осы оқиғадан кейін сабақ үш күнге онлайн форматқа көшіліріп, тексеру шаралары басталды.

Жаннұр Ахметбек, Сарыағаш ауданының прокуроры:

№9 Майлықожа атындағы мектептің мұғалімдері мен оқушыларының улану актісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігімен санитариялық қағидаларды абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан бұзу сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу нәтижесімен барлық кінәлі адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, оқу бөлмелерінің ауа құрамынан зиянды заттарды анықтау мақсатында зертханалық өлшемдер алынды. Олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалады.

Айнұр Әбілқасым


Хабарламаларға жазылу